Қазақстан үшін маңызды мүмкіндік экономикамыздағы нақты мәселелерді шешетін технологиялық өнімдер жасауда жатыр.
фото: facebook.com.
ERNUR.KZ. Енді алдағы жылдары елдердің технологиялық деңгейін қанша қызметті онлайнға көшіргенімен ғана өлшей алмаймыз. Жаңа технология еңбек өнімділігін қаншалықты арттырды, бизнестің шығынын қанша қысқартты, азаматтың уақытын қанша үнемдеді? Басты сұрақ осы. Қазақстан үшін де цифрландырудың келесі кезеңі осы сұрақтарға нақты жауап беруден басталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge – 2026 форумында жасанды интеллектінің ықпалын осы ауқымда қарастырды.
«Себебі жасанды интеллектінің ықпалымен өнеркәсіп, қаржы, білім, ғылым, мемлекеттік басқару және жалпы адам өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр», - деді, Мемлекет басшысы.
Осы сөздің экономикалық жағына назар аударар едім. Жасанды интеллект кәсіпорынға енгізілсе, оның нәтижесі өндіріс көрсеткіштерінен көрінуі керек. Жабдықтың қашан істен шығатынын алдын ала анықтау, энергия шығынын азайту, тауарды жеткізу уақытын қысқартудың бәрі өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Ал өзіндік құн төмендеп, сапа артса, отандық бизнестің бәсекеге қабілеті күшейеді. Технологияның нақты құны осында.
Мемлекеттік басқаруда да өлшем түсінікті болуы тиіс. Азаматтың өтініші жылдам шешілді ме? Кәсіпкерден қайталанатын құжаттар сұрату азайды ма? Бюджет қаржасын жоспарлау сапасы жақсарды ма? Жүйенің ақылды болғанын оның атауынан емес, осындай нәтижелерінен сезінуіміз керек. Президент осылайша форумның мазмұны да өзгеріп жатқанын айтты.
«Форумда цифрландыру тақырыбынан бөлек, есептеу инфрақұрылымы, ауқымды тілдік модельдер, робот техникасы, индустрия саласындағы жасанды интеллект, ғылым, технология саласындағы заңнама мен қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасулар өтуде».
Бұл бағыттардың әрқайсысының артында инвестиция, кадр және ұзақ мерзімді жұмыс тұр. Есептеу инфрақұрылымына тұрақты электр қуаты қажет. Тілдік модельге сапалы дерек керек. Өндіріске жасанды интеллект енгізу үшін технологияны да, сол саланың жұмысын да түсінетін маман қажет. Демек, бұл міндетті тек IT саласына жүктеп қоя алмаймыз. Ол энергетикаға, білімге, өнеркәсіпке және мемлекеттік басқарудың сапасына тікелей байланысты.
Қазақстан үшін маңызды мүмкіндік экономикамыздағы нақты мәселелерді шешетін технологиялық өнімдер жасауда жатыр. Кенішке, фермерге, банкке немесе логистикалық компанияға пайда әкелген отандық шешімнің сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігі де артады. Сонда технологияға жұмсалған ақша ел ішінде маман, тәжірибе және жаңа бизнес қалыптастырады.
Меніңше, AI & Digital Bridge нәтижесін де осы тұрғыдан бағалаған дұрыс. Қандай жоба іске қосылды? Қай кәсіпорынның өнімділігі өсті? Қандай қазақстандық өнім экспортқа шықты? Жасанды интеллектінің Қазақстан экономикасындағы орнын ақырында осы жауаптар айқындайды.


