Марқұм 15 жасынан бері шетелде саяхаттаумен әуестеніп келген.
ERNUR.KZ. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Таиландта суға батқан қазақстандық туралы қосымша мәлімет берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«1 қыркүйекте Қазақстанның Таиландтағы елшілігіне Пхукет аралында Қазақстан азаматы суға түсіп, батып кетті деген ақпарат келіп түсті. Сол ақпаратты тексеру үшін біздің консул жергілікті биліктермен, полициямен байланысты. Екі күн іздестіру жұмыстары жүргізілді. Үшінші қыркүйек күні бір азаматтың денесі судан шығарылды. Бірақ суда екі күн жатып қалғандықтан денені тану немесе басқа да ажырату мүмкіндігі өте қиын. Сондықтан әке-шешесі бүгін полицияға барып, тану процедурасына қатысып, баласы екенін таныды», - деді СІМ өкілі.
Оның айтуынша, марқұм 15 жасынан бері шетелде саяхаттаумен әуестеніп келген.
«Бұл азамат Таиланд аумағында жүргеніне бірнеше ай болған. 18 жастағы бала, You Tube-те өте белсенді болған. 15 жасынан шетелде қыдырып жүреді екен. Өкінішке қарай осындай жағдай болды. Әке-шешесіне барлық көмек көрсетіледі.
Анасы да, әкесі де сол жерде. Жақын арада бозбаланың денесі Қазақстанға жеткізіледі», - деді Айбек Смадияров.