Вакцинация жаппай басталғанға дейін әрбір үшінші пункте түрлі сипаттағы бұзушылықтар болды, дейді Айжан Есмағамбетова.
ERNUR.KZ. Вакцина тасымалдау мен сақтау бойынша науқанның тиімділігіне кері әсер ететіндей бұзушылықтар тіркелген жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде осылай айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бізде екпе бекеттерін ашпас бұрын тексеру жасау тәжірибесі бар. Яғни, вакцинация басталғанға дейін жасалады. Ал вакцинация процесін мониторинг арқылы қадағалаймыз. Ақпан айында 200-ден астам екпе бекетімен жұмыс бастаған болсақ, қазір еліміз бойынша 2000-дай пункт бар. Бекетте вакцинация жұмыстары басталғанға дейін ондағы температуралық режимнің сақталуына тексеру жүргізіледі. Вакцинация жаппай басталғанға дейін әрбір үшінші пункте түрлі сипаттағы бұзушылықтар болды. Тек сақтау немесе тасымалдаумен ғана қатысты емес, жалпы ұйымдастыру мәселесімен байланысты да ақаулар анықталды. Аталған ақауы бар екпе бекеттері кемшіліктер толық жойылғаннан кейін ғана вакцинация науқанына қосылып отырғанын айтқым келеді», - деді комитет басшысы.
Оның мәліметінше, кейбір өңірлерде электр қуаты өшірілген жағдайда екпені қажетті темперурада ұстаудың қосымша жоспары болмай шыққан.
«Электр қуаты ажыратылған жағдайда вакцинаны сақтаудың қосымша жоспары болуы керек. Кейбір өңірлерде осындай жоспар болмаған. Бірақ жоспардың болмауы вакциналаудың тиімділігіне кері әсер етті деген сөз емес. Температура режимі бұзылды дейтіндей бір оқиғадан басқа факті тіркелген жоқ. Алматы облысында жол-көлік оқиғасы болып, вакцина тасымалдайтын рефрежатор зақымданған болатын. Оқиға орнында тергеу жүріп, зақымданған вакциналардың саны анықталған. Ол вакциналардың көзі жойылды. Яғни, айналымнан алынды, екпе алушыларға жеткен жоқ», - деген Айжан Есмағамбетова вакцинация процесінде екпені сақтау мен тасымалдаудың вакциналау тиімділігіне кері әсер ететіндей бұзушылықтар болған жоқ дегенді бірнеше рет қайталады.
Еске салсақ, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жұмыс кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кей өңірлерде вакцина сақтаудың температуралық режимі бұзылғанын айтқан болатын.