Ақордада тіл жанашырлары марапатталды

0
1 206

Президенттің алғыс хаты 100-ден астам азаматқа берілді.


Ақордада тіл жанашырлары марапатталды

ERNUR.KZ. Салтанатты рәсім «Тіл туралы» заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президенттің алғыс хаты 100-ден астам азаматқа берілді. Барлығы – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, туын тіктеуге ат салысқан арда жандар.

Тілі тілімденген ұлттың тағдырығы да тас-талқан болады. Аузы дуалы абыздардың кейінгі буынға ұлағат еткені де, аманат қылғаны да осы. Ана тілдің қадырын қашырмай, қаз-қалпында сақтап қалуға небір зиялы тер төккен еді. Сөйтіп, сексенінші жылдардың тәмам тұсында тілді тұғырға қондырды. Осыдан 30 жыл бұрын елімізде «Тіл туралы» заң қабылданды.

– Мемлекет басшысы халыққа жолдауында қазақ тілі ұлтаралық тіл болатынын айтқан еді. Осы мұратқа жету жолында жұрт жұдырық болып жұмыла білу керек. Тілдің өрісін кеңейтуге біраз азамат осы күні ат салысып жүр. Еңбектері еш кетпеді. Ақордада Мырзатай Жолдасбек, Мұхтар Шаханов, Асылы Осман, Дос Көшім бастаған бір топ майталман Президенттің алғыс хатын алды, - деді ҚР Президентінің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев.

Президенттің алғасы хатын алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбек қазақ тілінің мәртебесіне қатысты өз пікірін білдірді.

– «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов дәуірінде осылай деген. Әлі де өзекті. Салтанатты шарада сөз сөйлегендер тілдің туын жықпау үшін қазақ тілді басылымдардың еңсесін көтеру керек деді, - ол.

– Мемлекет басшысының марапаты республика бойынша 100-ден астам адамға берілді. Бұл – еңбектің еленгені һәм үлкен жауапкершіліктің жүктелгені. Асылында, тілдің мәртебесін биіктету – тек санаулы адамның міндеті емес. Ол – тұтас ұлттың басты мұраты, - деді «Qazaqstan Dauiri» ЖШС бас директоры Сәуле Мешітбай.