Онымен бірге тағы бір ер адамның күдікке ілінгені айтылады. Бірақ, ол әлі табылмаған.
фото: turkystan.kz
ERNUR.KZ. АҚШ полициясы Қазақстан азаматын алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады. 24 жастағы Махаббат Әбдуалиева өзін риэлтор ретінде таныстырып, Нью-Йоркта пәтер жалдауға көмектесем деп бірнеше адамның ақшасын жымқырып кеткен, деп жазады ktk.kz.
АҚШ ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, Махаббат 24-қаңтар күні ұсталған. Онымен бірге тағы бір ер адамның күдікке ілінгені айтылады. Бірақ, ол әлі табылмаған.
Дерек көздерге сүйенсек, жерлесіміз әлеуметтік желіде өзін жылжымайтын мүлік риэлторы, яғни, жалға берілетін пәтер тауып берумен айналысатын адам ретінде таныстырған. Сөйтіп, былтыр жұрттан алдын ала төлем ретінде ақша алып, тақырға отырғызыпты. Клиенттерден 200 бен 700 доллар аралығында алып отырған дейді.
Өзінің әлеуметтік парақшасында Астанадан екені, АҚШ пен Малайзияның мықты жоғары оқу орындарын бітіргенін жазып қойыпты. Қалған мәліметтердің анық-қанығын Қазақстанның Нью-Йорктегі консулдығы анықтап жатыр.