Балалар рұқсат етілмеген жерде шомылған.
Фото: Видеодан скрин
Ақтаудың 9А ықшамауданында қайғылы оқиға болды, суға тұншығып қалған екі жасөспірімнің біреуі көз жұмды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға «I Love Aktau» маңында болды
Маңғыстау облыстық ТЖД дерегінше, оқиға 9 маусым күні сағат 17:40 шамасында қаладағы «I Love Aktau» шағын сәулет нысанының жанында болған. 2011 жылы туған екі мектеп оқушысы суға бата бастаған. Оларды куәгерлер алып шыққан.
Бір жасөспірім көз жұмды, екіншісі – ауыр хәлде
Құтқарушылардың мәліметінше, балалар рұқсат етілмеген жерде шомылған.
«Бір жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Екіншісі ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады ТЖД өкілдері.
Құтқару жұмысына 12 маман жұмылдырылды
Оқиға орнына мынадай мамандар жіберілді:
- 12 құтқарушы маман;
- 5 арнайы техника;
- 1 жүзу құралы;
- 2 жедел жәрдем бригадасы;
- 12 полиция қызметкері;
- 6 патрульдік көлік.
ТЖД ата-аналарға ескерту жасады
ТЖД өкілдері ата-аналар мен тұрғындарды балаларды қараусыз қалдырмауға және тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға кеңес берді. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты кепілі екенін еске салды.