Көлік жүргізушісі алкогольге мас болған.
Фото: скрин
ERNUR.KZ. Ақтауда бір топ полиция жол ережесін бұзған жүк көлігінің жүргізушісін әрең тоқтатты. Сақшылар тәртіпке бағынбаған көліктің артынан жаяу қуған. Бірі терезесіне жармасып, таспен ұрғылады, келесі бір топ оның жолына көліктің дөңгелегін тесетін темір төсеген, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«29 шілде күні сағат 02:00 шамасында Ақтау қаласына қарасты Промзона елді мекенінде «Мирас» жасағы ірі жүк көлігін тоқтатпақ болды. Алайда жүргізуші заңды талапқа бағынбай, қозғалысын жалғастырып, қала аумағына кіріп кетті. Полиция қызметкерлері жүк көлігінің бағыты бойындағы көлік жүргізушілерін және жаяу жүргіншілерді жедел ескертіп, жол-көлік оқиғасының алдын алды. Жүргізуші қала ішінде бірнеше рет жол жүру ережесін өрескел бұзды. Көлікті тоқтату үшін арнайы шипты бөгет («кірпі») орнатылды. Дегенмен жүргізуші қозғалысын жалғастырып, 14-шағынаудан аумағына кіріп барып тоқтады. Оқиға барысында жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ»,- деп хабарлады Ақтау қаласының полициясы.
Жүргізуші алкогольдік масаң күйде болған. Қазіргі кезде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес хаттамалар толтырылып, іс сотқа жолданды. Жүк көлігі арнайы айып тұрағына қойылды.