Өңірдің өркендеуінде халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету шешуші рөл атқарады.
ERNUR.KZ. Биыл Ақтөбе аймағындағы 4 ауыл сумен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін 2 мыңға жуық тұрғыны бар 6 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ биыл 9 мыңға жуық тұрғыны бар 22 елді мекен газбен қамтамасыз етілді, жыл соңына дейін тағы 6 ауылға көгілдір отын жеткізілді. Бұл жайында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Аймақтағы тағы бір маңызды міндет – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету.
«Үкіметпен бекітілген 1 млн шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарын толықтай орындаймыз. Қазіргі таңда 745 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Бұдан бөлек, кезекте тұрған 419 отбасыны биыл тұрғын үймен қамтамасыз еттік, жыл соңына дейін тағы 1063 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарда», – деді өңір басшысы.
Аймақта Мемлекет басшысының жаппай цифрландыру тапсырмасы аясында да бірқатар жұмыс атқарылды. Өңір тұрғындарының қауіпсіздігіне айрықша мән берілуде. Қазір облыс аумағындағы 19 600-ден астам бейнебақылау камерасы Жедел басқару орталығына қосылған. Оның ішінде 834 камера жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған. Жалпы өңірде «Заң мен тәртіп» қағидасын жүзеге асыру және тұрғындар арасында кеңінен насихаттау мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылы «Ахуалдық орталық» іске қосылды. Оның негізгі бағыттары ретінде Телемедицина және PACS ақпараттық жүйесі енгізілді.
Бұған қоса, Ақтөбе республика бойынша алғашқы облыстардың бірі болып, «Яндекс.Карталар» платформасы арқылы бірінші санаттағы жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылау жобасы іске қосылды.


