Ақтөбе облысында өрттен екі адам көз жұмды

0
100

Биыл жыл аяғына дейін Ақтөбе облысында 12 өрт сөндіру бекетін құру жоспарлануда.


Ақтөбе облысында өрттен екі адам көз жұмды

ERNUR.KZ. Биыл Ақтөбе облысының аумағында 157 өрт тіркеліп, салдарынан 2 адам көз жұмды, деп жазады baq.kz.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Айбат Жаңабергеновтің айтуынша, былтыр да өңірде болған өрт оқиғаларының салдарынан екі адам қаза болған. 5 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған.

Биыл өрт салдарынан болған материалдық шығын 39 миллион теңгеден асады. Өткен жылы бұл сома 44 миллион теңге болған. Жыл басынан бері облыста бір орман өрті тіркелді. Дала алқаптарының жануы тіркелген жоқ. Қазір департамент мамандары жазғы кезеңде өрттің алдын алу бойынша іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Бұл бағытта орман және дала өртінің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, - дейді ол.

Оның айтуынша, биыл жыл аяғына дейін Ақтөбе облысында 12 өрт сөндіру бекетін құру жоспарлануда. Бүгінде оның алтауы құрылса, алтауы әлі құрылған жоқ. Жалпы, қазір облыс аумағында 73 өрт сөндіру бекеті бар. Бұл бекеттер облыстағы 109 мың халқы бар 178 елді мекенді өрттен қорғайды.

Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті биыл бекеттерге 10 автоцистерна бөлуге және 16 арнайы өрт сөндіру машинасын қосымша сатып алуға ұсыныстар берді. Сондай-ақ облыста 2 мыңға жуық еріктіден тұратын өртке қарсы құрылымдар орман-дала өрттерін сөндіруге арналған жабдықтармен жабдықталады, - дейді ол.

Айта кету керек, жуырда департамент мамандары өңірде рейд шараларын жүргізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 25 адамға 668 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған жеке тұлғаларға - 78 мың теңге, кәсіпкерлерге 786 мың теңгеден 1 млн 800 мың теңгеге дейін айыппұл салынатынын ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.