Ақтөбе облысында жылына 2000 тонна шикізатты өңдейтін жүн өңдеу зауыты іске қосылады

0
293

Жоба 2020 жылы іске асырыла бастады.


Ақтөбе облысында жылына 2000 тонна шикізатты өңдейтін жүн өңдеу зауыты іске қосылады

Ақтөбе өңірінде жүн өңдеп, тоқыма емес материалдар өндіретін зауыт салу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Зауытта жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беретін Lap FormAir технологиясы қолданылмақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Жоба 2020 жылы іске асырыла бастады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жабдықтарды іске қосу және сынақтан өткізу 2025 жылдың тамызына жоспарланған.

Кәсіпорын жыл сайын 2000 тоннадан астам шикізатты өңдейді. Шикізат ретінде табиғи және синтетикалық талшықтар, сондай-ақ тоқыма өндірісінің қалдықтары пайдаланылады. Зауыт құрылыс, машина жасау, қаптама және сүзу жүйелері үшін кеңінен қолданылатын тоқыма емес материалдардың алуан түрін шығарады. Дайын өнім ішкі нарыққа да, сыртқы нарыққа да жеткізіледі.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі — қой жүнінен жасалған жылу және дыбыс оқшаулағыш тақталар мен рулондар өндірісі. Бұл бағыт маркетингтік зерттеулер нәтижесінде бизнес-жоспарда басым бағыт ретінде айқындалды.

Жоба аясында 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, қазақстандық жас мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді — олар заманауи, жоғары технологиялы жабдықтарда практикалық тәжірибе жинақтайды.

Жоба мемлекеттік қолдаумен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, техника мен жабдық сатып алуға кеткен шығынның 25%-на дейінгі көлемінде инвестициялық субсидиялар қарастырылған.

Жаңа өндіріс орны өңірдегі қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ бұрын пайдаланылмай келген жергілікті шикізатты — қой жүнін тиімді игеруге мүмкіндік береді.