Ақтөбе облысындағы ауыл мектебінде 8 оқушы мен 8 мұғалім ғана қалды

0
201

Бұл мектеп 2008 жылы салынған.


Ақтөбе облысындағы ауыл мектебінде 8 оқушы мен 8 мұғалім ғана қалды

Фото: «Диапазон»

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысындағы ауыл мектебінде сегіз оқушы мен сегіз мұғалім ғана қалды. Мектеп жабылып, мұғалімдер жұмыссыз қалмауы үшін ауыл әкімі көпбалалы отбасыларды ауылға көшіп келуге шақырып жатыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Мектеп 2008 жылы салынған. Қазір 1 және 4-сыныптарда бір-бір оқушыдан, ал 6, 8 және 9-сыныптарда екі оқушыдан бар. Мектепте барлығы 17 адам жұмыс істейді, оның жартысы – зейнеткерлер.

Ауыл әкімі Жолдас Қарағұлов көшіп келу шарттары жайлы сұраған адамдар тізімін жасаған. Оған көптеген қоңыраулар мен хабарламалар келген. Алайда нақты кім көшіп келіп, тұрақтап қалатыны белгісіз.

«Соңғы 10 жылда бала саны мәселесі бар. Биыл небәрі 8 бала қалды – мұндай бұрын болмаған. Бұрын 16-17 бала қалатын, сонда да бала-шағасы бар тұрғындарды көшіріп әкелуге тырысатынбыз. Үш жыл алдын бір баласы бар отбасы көшіп келгенде қатты қуанып едік. Бұрын адамдар келгісі келмейтін, өйткені газ жоқ болатын. Тұрғын аз болғандықтан, газ тартылмады. Биыл, шүкір, газ келді. Газдандыруға 684 миллион теңге бөлінді. Қыста газ болады деп үміттенеміз», – дейді әкім.

Биыл үш бала 9-сыныпты бітірсе, бір бала 1-сыныпқа барады. 1 және 4-сыныптарда бір-бір оқушыдан, 6, 8, 9-сыныптарда екі оқушыдан бар. Ата-аналар мектеп жабылып қала ма деп алаңдап отыр. Егер жабылса, балаларын 30 шақырым жердегі Бадамшаға немесе 15 шақырымдағы Қосістекке интернатқа жіберуге тура келеді.

Велиховка ауылында 60 үй қалған, тұрғын саны – шамамен 100 адам. Бұрынғы Чапаев атындағы астық кеңшарынан халық 1990-жылдары кете бастаған. Қазір он шақты үй бос тұр.

«Біз ауылға жаңа адамдарды күтіп отырмыз. Ауыл Орск тас жолының бойында, Орскіден 70 шақырым жерде. Мұнда астық егумен айналысатын «Велиховка» және «Диленд» ЖШС-тері бар, сондай-ақ мәрмәр карьері де бар. Жұмыс табылады. Орталық су құбыры жоқ, көпшілігінің ауласында өз құдығы бар. Су сәл тұздылау, сондықтан ауыл орталығында су тазартатын құрылғы орнаттық. Сол жерден тұрғындар ауыз суды тегін алады», – дейді әкім.

Шағын ғана Велиховка ауылында қазір негізінен зейнеткерлер қалған. Олар мал, құс асырап, көкөніс өсіреді. Жақында ауыл үйлеріне газ берілуі тиіс.