2026 жылы футбол стадионының, 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешені және жаңа драма театрының құрылысы жалғасады.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 29 жобаны іске асыру көзделген. Соның 22 нысаны салынды. Жыл соңына дейін қалған 7 нысан құрылысы аяқталады. Өңір әкімі Асхат Шахаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
Әлеуметтік саладағы басты бағыттардың бірі – білім саласы. Осы орайда, заманауи оқу ортасын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы 8 жаңа мектеп халық игілігіне берілді.
«12 білім нысанын пайдалануға беріп, қолданыстағы 3 мектептің қосымша спортзал құрылыстарын аяқтау жоспарда. Айта кету керек, биыл 9 100 орынға арналған 12 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда», – деді әкім.
А.Шахаров баспасөз мәслихатында 2026 жылдағы өңір алдындағы негізгі жоспарларға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, келер жылы өңірдің экономикалық өсімі 105% деңгейінде қалыптастырылмақ. Бұл ретте, өнеркәсіп саласында 3 трлн теңге өнім өндірілетін болады. Сондай-ақ Үкімет қойған жоспарға сәйкес облысқа 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Ал, нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесі 85%-ға жеткізіледі.
2026 жылы халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында 2 мыңнан астам тұрғынды қамтитын 3 өтпелі және 3 жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Барлық қаржыландыру көздерінен 1,1 млн шаршы метр тұрғын үйді де пайдалануға беру жалғасады. Бұған қоса, алдағы жылы шалғай ауылдарында тиісті білім беру орындарын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет және басқа қаржы көздерінен 3 300 орындық 12 білім беру нысаны салынады.
Ал, денсаулық сақтау саласында республикалық қаражат есебінен «Облыстық қан орталығының» құрылысы бастау алады. Сонымен бірге, 4 аудандық ауруханаға қосымша ғимараттар салу мен 8 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.
2026 жылы футбол стадионының, 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешені және жаңа драма театрының құрылысы жалғасады.


