Ақтөбеде ер адамды бірнеше сағат азаптап, көлігін тартып алмақ болғандар ұсталды

0
137

​Бес адам танысының әрекетін сылтау етіп, жәбірленушіні күшпен ұстап отырған.


Ақтөбеде ер адамды бірнеше сағат азаптап, көлігін тартып алмақ болғандар ұсталды

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына 38 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны өзін бір топ адамның заңсыз ұстап, мүлкін бопсалағаны туралы арызданды, деп жазады baq.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, бес күдікті жәбірленушінің танысы оның банк картасынан ақша аударған деген сылтаумен өздеріне тиесілі автокөлікті қайта рәсімдеуді және ақша беруді талап еткен.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер ер адамды автокөліктің ішінде заңсыз ұстап, бірнеше сағат бойы күш қолданып, өздерінің заңсыз талаптарын орындауға мәжбүрлеген, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерін тарта отырып жүргізген арнайы операция барысында күдіктілердің барлығы анықталып, ұсталды.

Аталған факті бойынша бопсалау дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сондай-ақ олардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.