Ақтөбеде коронавирус жұқтырған 400-ге жуық медқызметкер 2 млн теңгеден алды

0
537

Вирусты жұқтырған 387 медицина қызметкері мен көз жұмған 9 медицина қызметкерінің отбасына бір реттік төлем аударылған.


Ақтөбеде коронавирус жұқтырған 400-ге жуық медқызметкер 2 млн теңгеден алды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде әлеуметтік көмек алу, төтенше жағдай кезіндегі бір реттік төлем аудару жұмысы жалғасып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аз қамтылған отбасыларды қолдау жайы айтылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Биыл індет кезінде жұмыссыз, аз қамтылған отбасылар мен әлжуаз топтарға мемлекет тарапынан бірқатар шара қолға алынды.

«Төтенше жағдай кезінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының 6-18 жас аралығындағы балаларына 5 ай бойы қаржылай көмек берілді. 5647 теңге барлығы 8300 балаға берілді. Бюджеттен 47 миллион теңге аударылды. Сонымен бірге әлеуметтік көмек алатын 7 топ бекітілген еді. Оларға 948 миллион теңге көлемінде қаржы аударылды. Әсіресе І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар мен оларды тәрбиелеп отырғандар қамтылды. Пандемия кезінде халықты материалдық қолдау мақсатында облыстық бюджеттен арнайы қаржы аударылды. 38 мың адамға 20 мың теңгеден берілді. Бұл 774 миллион теңгені құрады», - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Сонымен бірге Ақтөбеде «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында 34 мыңнан астам адамға 1,7 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүгедектер мен 100 жастан асқан қала тұрғындарына қолдау көрсетілді.

«Әлеуметтік көмектің бәрі төтенше жағдай кезінде ғана берілді. Карантин күшейсе, жергілікті және атқарушы органдар тарапынан нақты шешім қабылданады», - деді Бұлбұл Елеусінова.Ал «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру» АҚ облыстық филиалының директоры Өтеген Үркімбаевтың айтуынша, биыл 29 мыңнан астам адамға 4,7 миллиард теңге әлеуметтік төлем берілді.

«Шағын және орта бизнесті, ірі кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Мәселен облыста 200 мыңнан астам адамға 24,4 миллиард теңге бөлініп, оларға 42 500 теңгеден аударылды. COVID-19-ға қарсы күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлері де назардан тыс қалмады. Жұмыста жүріп коронавирус инфекциясын жұқтырғандарға - 2 миллион, ал көз жұмғандарға - 10 миллион теңге бөлу қарастырылған. Вирусты жұқтырған 387 медицина қызметкері мен көз жұмған 9 медицина қызметкерінің отбасына бір реттік төлем аударылды», - деді Өтеген Үркімбаев.