Ақтөбеде коронавирус жұқтырғандарды емдеп жатқан аурухана жылусыз қалды

0
404


Ақтөбеде коронавирус жұқтырғандарды емдеп жатқан аурухана жылусыз қалды
иллюстрациялық фото
Ақтөбеде коронавирус жұқтырғандар жатқан емханаға әлі жылу берілмеген. Жылыту маусымының басталғанына бір апта өтсе де, батареялар мұздай. Емдеу мекемесінің басшысы болса, әр палатаға арнайы жылытатын құрал қойып, амалдап отырғандарын айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Емхананың әкімшілік ғимаратындағы термометр 22 градус жылылықты көрсетіп тұр. Бас дәрігер мұның бәрі электр пештің арқасы екенін айтады. Ал жылудың жоқтығын әкімшілік ғимараттағы мұп-мұздай батареялардан байқалады. Жеке қазандықтың күшімен отырған емхана 2012 жылы орталықтанған жылу жүйесіне қосылған. 27 қыркүйекте құбырларды тексеруден өткізген. Қыс маусымына сақадай-сай деген құжатын да алып қойған. Бірақ, жоспарланған мерзімде жылу берілмепті.
"Науқастар сұрайды: неге бірінші күні салқын болды, қабылдау бөлімінде есік жиі ашылады-жабылады. Жылу болмаған соң ешқандай уют болмайды ғой", - дейді фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері.
Жылу беруге жауапты мекеменің жауабын күтіп шаршаған аурухана басшылығы тығырықтан өз бетінше шығуға тырысып бағуда. Ескі жылу қазандығындағы генератордың көмегімен электр пештерді қосып отыр. Бірақ, ол қауіпсіз емес екенін айтты.

"Қосымша жылу аппараттары бар. Бірақ оны күні-түні біз деген қарап тұруымыз керек ғой. Сол себептен бізге қауіпсіз жылу керек. Қалай жүйеде жылу болуы керек, сол жылуды беруі тиіс. Көреміз, бірінші күнге дейін шешілмейтін болса, бұл мәселе бәрібір шешілуі керек ғой, онда жоғары органдармен шешеміз", - дейді бас дәрігер.

Кінәраттың бәрі ескі құбырдан шыққан. Жылу трассасын жөндеу әлі жалғасып жатыр. Жауапты мекемедегілер тендер уақытылы жарияланғанын, тіпті жеңімпаз да дер кезінде анықталғанын айтты. Бірақ, жұмыс енді ғана басталған.
"Құбырларға бағаның апта сайын өсуіне байланысты конкурс жеңімпазы атанған компания жұмыс атқарудан бас тартты. Сондықтан, кәсіпорын жөндеу жұмыстарын өз күшімен атқаруға шешім қабылдады. Ыстық сумен жабдықтау резервтік желімен берілуде. Бірақ жылу беруге әзірше мүмкіндік жоқ", - дейді «AQTOBE SU-ENERGY GROUP» АҚ баспасөз хатшысы Динара Жаналина.

Жұмыстың кеш басталғанын кәсіпорындағылар да мойындайды. Бәрі қымбатшылыққа келіп тірелгенін айтты. Құбырларды ауыстыру келесі аптаның басында аяқталуы тиіс деп отыр. Қазір емдеу мекемесінде 400 пациент бар. Оның тең жартысы коронавирустан емделіп жатқандар.