2005 жылы Бозоймен шектесетін Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің шекарасы жабылған болатын.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Шалқар ауданына іссапармен барды, деп жазады ҚазАқпарат.
Алдымен аудан әкімі Бауыржан Қаниев ауыл шаруашылық, жол құрылысы, инвестиция тарту мәселелеріне тоқталып, әлеуметтік- экономикалық жұмыстарды баяндады. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласы артып келеді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі, биыл сегіз айда 10936,8 млн теңгені құраған.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларында халықтың әл - ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ, 2018-2019 жылдары Шалқар-Бозой бағытындағы автокөлік жолының 20 шақырымына 611,2 млн теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, алдағы жылы 50 шақырым жолды жөндеу жоспарда бар», - деп атап өтті өңір басшысы ауыл тұрғындарымен кездесуде.
Жиында Ақтөбе облысының прокуроры Марат Қаибжанов аудандағы құқық бұзушылық көрсеткішін баяндады. Биыл ауданда 123 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 35 қылмысқа аз. Мал ұрлығына қатысты қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 22-ден 16-ға төмендеген. Дегенмен осы бағыттағы әрбір екінші мал ұрлығы ашылмай отыр. «Аудан халқының тұрмыс-тіршілігінің басым бағыты мал- шаруашылығы өндірісі болып табылады. Сондықтан ұрланған әр мал басы тұрғындардың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізуде», - деді Марат Қаибжанов. Аймақ басшысы аудандық полиция қызметкерлеріне қылмыстың алдын алуды, қажетті орындарды бейнекамералармен жабдықтау жұмысын жандандыруды тапсырды. Бозойлық тұрғындар облыс әкіміне интернет желісін тарту, кәріз, электр жүйелерін қайта жаңғырту мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды. Аталған түйіткілдің шешілуіне ықпал етуді сұрады. Оңдасын Оразалин аудан әкіміне интернет желісін келесі жылдың соңына дейін ыждағаттап енгізуді тапсырды. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды, аудандағы халқы саны 50 адамнан аз тұратын 9 елдімекенді қолданыстағы заңнама аясында тарату мәселесін қарастыруды,тамақ өнеркәсібіне инвестициялар тарту жұмыстарын күшейтіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өспеуін бақылауда ұстау қажеттігін айтты.Облыс әкімі кеден бекетінің мәселесін де тыс қалдырмады.
«2005 жылы Бозоймен шектесетін Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің шекарасы жабылған болатын. 70-тен астам адам жұмыс жасаған кедендік өткізу бекетінен кезінде шамамен айына 500-600 дейін автокөлік қатынады. Яғни, көршілес республикадан көкөніс, жеміс-жидек т.б тұрмысқа пайдаланатын заттар тасымалданды. Алдағы уақытта осы кеден бекетін қайта ашуды қолға алып жатырмыз. Жоба жүзеге асқан жағдайда Өзбекстаннан арзан көкөніс, бақша өнімдері жеміс-жидектер тасымалданып, біздің елден мал өнімдері өткізілмек»,- деді өңір басшысы.
Тұрғындар жер, мал шаруашылығына қатысты сауалдармен облыс әкімінің жеке қабылдауында болды. Аймақ басшысы Бауыржан Қаниевке ауыл шаруашылық кәсібін қолға алуға ниетті тұрғындарға қолдау көрсетуді тапсырды. Оңдасын Оразалин бұдан соң Құланды шекара бекетінде болып, әскери қалашықты аралады. Застава басшысы Қаршыға Тешебай облыс әкімін жеке құраммен кездестіріп, жұмыстармен таныстырды. Шекаралық застава қажетті материалдық- техникалық базамен түгел қамтылған.