Ақтөбеде полиция басқармасы өткізген жарыстан кейін оқушы ауруханаға түсті (видео)

0
202

Шара Ақтөбе облысы полиция басқармасының ұйымдастыруымен өткен.


Ақтөбеде полиция басқармасы өткізген жарыстан кейін оқушы ауруханаға түсті (видео)

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Ақтөбеде 13 жастағы мектеп оқушысы жас инспекторлар жарысында жарақат алды. Басы айналып, лоқсыған жасөспірім ауруханадан бір шыққан. Оқушының анасы болған жағдайға ұйымдастырушыларды кінәлайды, жазады stan.kz.

Оқиға 16 мамыр күні болды. Шара Ақтөбе облысы полиция басқармасының ұйымдастыруымен өткен. Бұл туралы басқарманың желідегі парақшасынан көруге болады

13 жастағы Махаббат Жалғас үш күннен бері Қандыағаш қаласындағы ауруханада ем алып жатыр. Ол Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №4 мектептің оқушысы. Жасөспірімнің анасы қызының “Жол қозғалысының жас инспекторы” слеті кезінде жарақат алғанын айтып, шағымданды. Айтуынша, ұйымдастырушылар тарапынан көмек болмаған.

“Жарыс облыс орталығындағы Тұңғыш президент атындағы саябақта болды. Велосипедпен өткенде қызым құлайды. Оның құлаған сәті мектептен барған мобилографтың камерасына түсіп қалған. Балаға алғашқы көмек көрсетілмеді. Сол жерге үлкен қызым 103 қызметін шақырды. Жедел жәрдем ауруханаға апарды. Мұрнын рентгенге түсіріп, бізді жіберді. Балам жарысқа барамын деп саябаққа қайта бардық. Кейін басқа балалармен бірге үйге қайттық. Автобуста қызым ұйықтап келді. Үйге келген соң лоқсып, басы айналып, мазасызданды.
Мұрнының сол жағы сынған. Жарыс ұйымдастырушылары қауіпсіздікті сақтамаған”, – деді жасөспірімнің анасы Айнұр Шарипова.

Полиция басқармасы балаға дәрігерлердің көмек көрсеткенін айтты.

“Мұндай шара өткенде міндетті түрде жедел жәрдем қызметінен мамандар шақырылады. Бұл күні жарыстың барлық уақытында 103 қызметінен бригада болды. Бала құлап, жарақат алған кезде алғашқы көмек көрсетілді”,- деп хабарлайды полиция департаменті.

Дәрігерлер жасөспірімнің денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда екенін хабарлады.

“2012 жылы туылған қыз бала 16 мамыр күні Мұғалжар аудандық ауруханасына түсті. Хирургия бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы қанағаттанарлық”, – деді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы.