300 орындық балабақша ерекше балаларға арналған.
ERNUR.KZ. Құрылысы 2026 жыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Аталған жоба ерекше балалардың қолайлы ортада дамуы мен тәрбиеленуіне жағдай жасап, инклюзивті білім беру саласына серпін береді, деп хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігі.
Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде қайтарылған қаражат есебінен бой көтереді. Жобаның жалпы құны – 8 млрд теңгеге жуық.
Ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған балабақшаның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биылғы жылдың 10 сәуірінде басталған жобаның облыс үшін әлеуметтік маңызы зор.
Балабақша ғимараты ерекше архитектуралық шешіммен жобаланған. Жалпы аумағы 20 172,73 шаршы метрді құрайтын нысан гүл пішініндегі орталық және 5 екі қабатты блоктан тұрады. Әр блок орталық атриуммен өткелдер арқылы байланысады. Орталық блокта қысқы бақ пен кіреберіс вестибюль орналаспақ.
Ал №1 блокта – тірек-қимыл аппараты бұзылған, №2 блокта көру қабілеті бұзылған, №3 блокта есту және сөйлеу қабілеті бұзылған және №4 блокта зияткерлік дамуында ауытқуы бар балаларға қызмет көрсетіледі, №5 блокта ортақ пайдалануға арналған үй-жайлар (медициналық бөлім, изолятор, акт залы, бассейн, әкімшілік және асхана бөлімі) және №6 блокта атриуммен табиғи жарық түсетін вестибюль, зал және консерватория болады.