Ақтөбеде зейнеткерді есінен танғанша сабаған қарақшы сотталды

0
107

Күдікті оқиға орнынан қашып үлгергенімен, сол күні ұсталды.


Ақтөбеде зейнеткерді есінен танғанша сабаған қарақшы сотталды

Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Ақтөбеде қарақшыға қатысты сот үкімі шықты. Ол 80 жастағы зейнеткер Раиса Додиктің үйіне баса-көктеп кіріп, оны аяусыз соққыға жығып, жерлеу рәсіміне деп жинап қойған ақшасын ұрлап кеткен, деп жазады zakon.kz.

Оқиға болған күні кейуана нан алу үшін үйінің жанындағы дүкенге шығып кеткен. Сол сәтті пайдаланған күдікті оның үйіне кіріп алған.

Раиса Додиктің айтуынша, ол үйіне кіргенде бейтаныс жас жігітті көрген.

"Қарасам, бір жас жігіт тұр. Орыс ұлтының өкілі, денелі. Жасы 22–30 шамасында. Артымнан келіп, бас салды. Міне, басымдағы жара әлі кетпеді. "Ақша мен алтынды бер, әйтпесе өлтіремін!" деді. Мен: "Балам, мен ең төменгі зейнетақы аламын", дедім. Дүкендегі сатушылардың бәрі мені таниды, кейде азық-түлікті қарызға да береді", – дейді зейнеткер.

Алайда қаскөй әйелдің сөзін тыңдамаған. Ол Раиса Власовнаны сүйреп залға апарып, есінен танғанша ұрған. Кейуана есін жиғанда, әлгі адамның жиһаздарды аударып-төңкеріп, шкафтардағы заттарды шашып жатқанын көреді. Сол сәтті пайдаланып, бар күшін жинаған зейнеткер білдіртпей сыртқа қашып шыққан.

"Қарасам, қабырға жиһазын бұзып, бәрін лақтырып жатыр екен. Мен ақырын ғана сыртқа шығып, дүкенге жүгірдім. Қыздар: "Ой, Рая апай, не болды?" деді. Мен: "Тезірек, полиция мен жедел жәрдем шақырыңдар!" дедім", – деп еске алады ол.

Күдікті оқиға орнынан қашып үлгергенімен, сол күні ұсталды. Оның жанынан Раиса Власовнаның ұялы телефоны, күміс сақинасы, естелік медальдары, ордені, банк картасы және 15 мың теңге табылған. Айғақтар мен жәбірленушінің тануына қарамастан, айыпталушы кінәсін мойындамаған.

"Сотталушы мас күйінде жәбірленушінің үйіне заңсыз кіріп, оған күш қолданып, бағалы заттар мен ақшаны беруді талап еткен. Содан кейін оқиға орнынан бой тасалап, жәбірленушіге жалпы сомасы 118 845 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды",- делінген Ақтөбе облыстық сотының мәліметінде.

Арада жарты жыл өтсе де, кейуана әлі күнге дейін үреймен өмір сүріп келеді. Есіктерін бірнеше құлыпқа жауып, әр дыбысқа елеңдеп, түнде дұрыс ұйықтай алмайды. Туыстары мен таныстары үйін сатып, балаларына жақын жерге көшуге кеңес берген. Алайда Раиса Власовна үзілді-кесілді бас тартқан. Оның айтуынша, бұл үйде бүкіл ғұмыры өткен, сондықтан қара шаңырағын тастап кеткісі келмейді.