Кепілге алынғандарды босату операциясы ұйымдастырылып, күдікті ұсталды.
Фото: instagram.com/aktobe_live
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ақтөбеде 13 қаңтарда адамдар кепілге алынған жағдайға қатысты пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.
"Облыс орталығындағы қылмыскердің түндегі әрекеті қоғамда жан-жақты талқыланып жатыр. Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын айтқым келеді. Құқықтық бағасын құзырлы органдар береді. Қазір зардап шеккен жәбірленушіге жан-жақты медициналық және психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Ал марқұм болған азаматтардың жерлеу рәсіміне қажет көмек ұйымдастырылады. Осы ретте күдіктіні ұстауда кірпік ілмей, кәсібилік танытқан полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіремін", - деді Шахаров.
Еске салайық, Ақтөбеде 13 қаңтарда кешкі сағат 20.00-де 102 пультіне белгісіз біреу жеке үйлердің біріне кіріп, адамдарды кепілге алғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы, арнайы жасақ қызметкерлері, барлық шұғыл қызмет жедел жұмылдырылды, аудан қоршауға алынды.
Кепілге алынғандарды босату операциясы ұйымдастырылып, күдікті ұсталды. Қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр. Кейінірек екі жәбірленуші қайтыс болғаны, бір адам жансақтау бөлімінде жатқаны белгілі болды.