​Ақтөбедегі Қазақ-орыс университеті жабылады

0
123

Қазақ-орыс университетін биыл 800-ден астам студент бітіреді.


​Ақтөбедегі Қазақ-орыс университеті жабылады

Фото: Алтынай Сағындықова

ERNUR.KZ. Ақтөбедегі Қазақ-орыс университеті биылғы оқу жылынан соң жабылады, деп жазады inform.kz.

Құрылтайшылардың шешімінен соң 2 мың студент қайда барады? Ғылым және жоғары білім министрлігі ата-аналармен ойлайн байланысқа шықты.

Қазақ-орыс университеті студенттерге биыл жоғары оқу орны жабылатынын айтып, хабарлама берген. Сол хабарлама негізінде бүгін көп ата-ана мен студент оқу орнына барды. Алайда бұл оқу орны қандай да бір түсінік беруден бас тартты, тіпті жауап берер басшылары да болмады.
№2 Ақтөбе қалалық мектеп-гимназиясындағы жиынға ата-аналар мен студенттер жиналып, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Артур Еділханов онлайн байланысқа шыққан. Сонымен бірге Ақтөбедегі және көршілес облыстардағы ЖОО проректорлары қосылды. Ал Қазақ-орыс университетінен ешбір өкіл келмеді.

– Кейінгі бір аптада, кейбір ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде неше түрлі алыпқашпа әңгіме, дақпырт сөз шаққан. Сондықтан өз пікірімізді жеткізбек ойымыз бар. Жалған ақпараттың соңына ермей, мемлекеттік органның өз аузынан естісін деген ниет... Университет құрылтайшысының білім беру қызметін тоқтату туралы шешімі бар. Өткен жылы да осындай шешім қабылдап, министрлікке берген болатын. Ол кезде де жұмысын тоқтату туралы жоспарын жазған. Биыл да қайталанды. Бұған дейін наурыз айында студенттерге қатысты қабылданған шешім талқыланып, әкімшілік, министрлік тарапынан пікір айтылды. Сәуір айында да министрлік жұмыс тобын жіберді. Білім сапасына зерделеу жұмысы жүргізілді. Кез келген жоғары оқу орнының қызметі мемлекеттік стандартқа сәйкес келуі тиіс. Оны бақылау министрлікке жүктелген. Стандарт дегеніміз жоғары оқу орнына да, білім алушыға да міндет қойылады. Екі тарап бірге сапалы маман дайындап шығарады, - деді Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Артур Еділханов.

Оның айтуынша, Қазақ-орыс университетінің лицензиясы әлі сақтаулы, соңғы шешім де қабылданбады. Студенттердің бәрі биылғы оқу жылын осы университеттен аяқтап шыға алады.
– 2024-2025 жылғы оқу жылын аяқтауға болады. Ендігі сұрақ – бір оқу орнынан екінші оқу орнына ауысу. Ол әрбір студенттің жеке құқығы. №595 бұйрықтың 31-тармағында «демалыс кезінде білім алушы бір оқу орнынан екіншісіне ауысуға, бір білім беру бағдарламасынан екіншісіне ауысуға құқылы» деп жазулы. «Білім туралы» Заңның 42-бабы бойынша білім беру ұйымы өз қызметін тоқтатса, құрылтайшысы 2 ай ішінде білім алушылардың басқа оқу орына орналасуы үшін құжаттарын беруге, бұған дейін оқыған адамдардың құжатын мемлекеттік архивке тапсыруға міндетті. Бірақ бұған қарамастан министрлік өз тарапынан жұмыс атқарады. Көршілес орналасқан облыстардың оқу орындарымен бірге жұмыс істейміз. Жұмыс оқу жылы аяқталған соң басталады. Министрліктен арнайы топ жергілікті жерге келіп, әр студенттің құжатын жеке қарайды. Министрлік студентті қабылда деп өзге оқу орнына талап та қоя алмайды. Бірақ жұмысты бірлесе атқарады, - деді Артур Еділханов.
Қазақ-орыс университетін биыл 800-ден астам студент бітіреді. Ал 1 189 студент өзге оқу орнына ауыса алады. Тек студент өзін қабылдайтын жоғары оқу орнының талабын орындауы керек. Онлайн кездесуде ата-аналар оқу ақысының айырмашылығын бөліп төлеу, өзге оқу орнына қабылданар кезде мамандық атауының өзегешелігін ескеру жайын сұрады. Сонымен бірге мемлекеттік оқу орындары ҰБТ қорытындысын сұрауы да мүмкін. Ал Қазақ-орыс университеті студенттерінің кейбірінде ол жоқ. Себебі Ресейдің оқу орнына түсіп, кейін ауысып келгені кездеседі арасында. Мұның бәрін Ғылым және жоғары білім министрлігінің комиссиясы зерделейді.
Айта кетейік, наурыз айында Қазақ-орыс халықаралық университетінің 350 студенті оқудан шығарылды.
Университет ректорының 350 студентті оқудан шығару туралы бұйрығы заңсыз болып шықты.