​Ақтөбедегі жол апаты: Қаза тапқандардың екеуі бала

0
108

Жолаушылар көлігінің ішінде әкесі мен баласы, анасы мен студент ұлы болған.


​Ақтөбедегі жол апаты: Қаза тапқандардың екеуі бала

Фото: Kazinform

ERNUR.KZ. Жол-көлік апаты кезінде көз жұмғандардың арасында 2016 және 2022 жылғы екі бала бар. Өзгесі ересектер, деп жазады inform.kz.

Самара — Шымкент тасжолында болған жол-көлік апаты кезінде екі бала көз жұмып, біреуі аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Ал өзгелерінің бәрі — ересектер.

— Сағат 15:30–дағы ақпаратқа сүйенсек, Хромтау аудандық ауруханасында 6 адам бар. Оның біреуі 2009 жылы туған бала. Науқастардың төртеуі жансақтау бөлімінде, ал екеуі палатада ем қабылдап жатыр. Облыс орталығынан екі бригада жіберілді. Олардың қатарында реаниматолог, травматолог, хирург, нейрохирург бар. Ем-дом кезінде ота да жасалды. Қазіргі кезде барлық медициналық көмек беріліп жатыр. Дәрі-дәрмек, қан жеткілікті. Ауруханаға жеткізіліп, кейін үйіне кеткен адам да қайта емдеу орнына жатқызылды. Ол дәрігерлердің бақылауында болады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Оқиға орнына барған Ақтөбе облысының әкімі қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
— Оқиға орнына өзім келіп, қарап шықтым. Жанымызға бататын ауыр қаза. Тума-туыс, жақындарға көңіл айтамыз. Біз үшін өте ауыр қаза болды. Таңғы сағат 08:00–ден өте осындай оқиға болғаннан кейін барлық тиісті мемлекеттік органдар өз жұмысын атқарып келеді. Біздің тарапымыздан жан-жақты көмек ұйымдастырылды. Барлық жағдай өз бақылауымда болады, — деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Ал Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаевтың айтуынша, ГАЗель Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би ауданы арасында адам тасымалдаған. Жұмысын маусым айында бастапты.

— Тасымалдаушы компания — жеке кәсіпкер. Маусым айынан бастап ресми, келісімшартқа сәйкес тасымалдаумен айналысады. Таңғы 7:00–де әдеттегідей ауылдан шыққан. Салонда қалаға жеке шаруалармен бара жатқан азаматтар болды. ГАЗель 16 орындық әрі жаңа, — деді Дәулетияр Тоғызбаев.

Айта кетек, оқиға бүгін сағат 08:40–та болды. Жолаушылар көлігінің ішінде әкесі мен баласы, анасы мен студент ұлы болған.
Жол-көлік апаты кезінде қаза болған әр жолаушының отбасына (10 адамға — ред.) 1 млн теңгеден бөлінеді.

Еске салсақ, Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, 12 адам қаза тапты. Оқиға Әйтеке би ауданы Белқопа ауылы маңында болды. Жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын ГАЗель соқтығысты.


Аман қалған жолаушылардың үшеуі ауыр жағдайда екені айтылды. Жол-көлік оқиғасынан соң Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі жабылды. ІІМ Ақтөбе облысындағы жол-көлік оқиғасын тергеу үшін арнайы топ жіберді. Ақтөбеде жол-көлік апатына кімнің кінәлі екені нақтыланды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Бөгетсай ауылының шетінде болған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды.