ERNUR.KZ. ТЖМ ақтөбелік құтқарушылардың қар құрсауынан 2 адамды алып шыққанын мәлімдеді, деп жазады baq.kz.
Дерекке қарағанда, Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылынан 20 шақырым жерде ауа райының нашарлауына және қардың көп түсуіне байланысты жеңіл автокөлік қар үйіндісінің астында қалып қойған.
“Ішінде 2 адам бар көлікті құтқарушылар арнайы техниканың көмегімен жолдың тазартылған учаскесіне сүйреп шығарып, ауылға дейін алып келді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ”, - деп жазды ведомстводан.
ТЖМ дауылды ескертулерге назар аударып, ауа райы нашарлаған жағдайда елді мекеннен тыс жерге жолға шықпауға кеңес береді.