әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан қыздың әкесі Александр Пактан 100 млн теңге талап етті

0
343

Сотта жәбірленуші тарап бұған дейін белгіленген 10 млн теңге өтемақы қайғылы оқиғаның салдарына сәйкес келмейтінін алға тартты.


әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан қыздың әкесі Александр Пактан 100 млн теңге талап етті

Ulysmedia коллажы

ERNUR.KZ. Алматы апелляциялық соты әл-Фараби даңғылындағы қайғылы жол апатына қатысты моральдық зиян өтемақысының мөлшеріне байланысты істі қарады. Апаттан қаза тапқан қыздардың бірінің әкесі өтемақы көлемін 10 млн теңгеден 100 млн теңгеге дейін арттыруды сұраған, деп жазады ulysmedia.kz.

Апелляциялық шағымды жол апатынан қаза тапқан 20 жастағы Томирис Қыдырбектің әкесі Шотенов Р.К. берген. Ол Александр Пакқа шығарылған үкімге дау айтпаған. Шағым тек моральдық зиян үшін өтемақы мөлшеріне қатысты болды.

Сотта жәбірленуші тарап бұған дейін белгіленген 10 млн теңге өтемақы қайғылы оқиғаның салдарына сәйкес келмейтінін алға тартты. Қаза болған қыздың әкесі сотталған азаматтан 100 млн теңге өндіріп беруді сұрады.

Шағымда Пактың алкогольдік мас күйде көлік жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны, қарсы жолаққа шығып, үш адамның, оның ішінде арызданушының жалғыз қызының қаза болуына себеп болған жол апатын жасағаны көрсетілген.

Сонымен қатар жәбірленуші қыздың небәрі 20 жасында өмірден өтіп, отбасын құрып, жоспарларын жүзеге асырып үлгермегеніне назар аударды.

Арызданушының пікірінше, бірінші сатыдағы сот әкесінің моральдық азабының ауырлығын толық бағаламаған.

Сот не шешті

Сот алқасы шағымды қанағаттандырмады. Сот өтемақы мөлшерін өзгертуге негіз жоқ деген қорытындыға келді.

Қаулыда моральдық зиян үшін өтемақы көлемін белгілеу соттың бағалау өкілеттігіне жататыны айтылған. Бұл ретте істің нақты мән-жайы, жәбірленушінің моральдық азабының сипаты, сотталған адамның кінәсінің дәрежесі, сондай-ақ ақылға қонымдылық пен әділдік талаптары ескеріледі.

Апелляциялық сот жәбірленушінің тағайындалған өтемақы мөлшерімен келіспеуі өздігінен сот шешімінің заңсыз екенін білдірмейтінін атап өтті.

Сонымен қатар сот моральдық зиян үшін өтемақы кінәлі адамға қосымша жаза ретінде қолданылмайтынын еске салды.

– Моральдық зиянды өтеу қылмыстық жауапкершілік шарасы болып есептелмейді және сотталған адамға жазаны күшейту тәсілі немесе зиян келтірушіге қосымша ықпал ету құралы ретінде қарастырылмайды. Моральдық зиян үшін өтемақы тағайындаудың мақсаты – жәбірленушінің шеккен моральдық азабын ақшалай өтеу, ал зиян келтірушіге қатысты жазалау ықпалын күшейту емес, – делінген сот қаулысында.

Осылайша сот үкімнің азаматтық талапқа қатысты бөлігін өзгеріссіз қалдырды.

Контекст

Жол апаты 21 наурызға қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған. Тергеу мәліметінше, Александр Пак Zeekr көлігін алкогольдік мас күйде басқарып, қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі және оның 20 және 22 жастағы екі жолаушысы қаза тапты.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Пактың қанындағы алкоголь мөлшері 1,30 промилле болған. Ал соқтығысар алдындағы көліктің жылдамдығы сағатына шамамен 219 шақырымға дейін жетуі мүмкін.

2026 жылғы маусымда Александр Пак ҚР ҚК-нің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.

Томиристің әкесінен басқа, қаза тапқандардың барлық өкілі сотта Пакты кешіргенін және оған қатысты талабы жоқ екенін мәлімдеген.