Әлеуметтік азық-түліктің сауда үстемесін арттырғандарға жаза қатаңдатылады

0
333

Сауда министрлігі Әкімшілік кодекске түзету әзірледі.


Әлеуметтік азық-түліктің сауда үстемесін арттырғандарға жаза қатаңдатылады

ERNUR.KZ. Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне сауда үстемесін асырған бизнес өкілдеріне әкімшілік жазаны қатаңдату жөнінде заңға түзету әзірледі. Жоба ескерту жасамастан, бірден айыппұл салуды көздейді. Бұл туралы үкіметте сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Қазіргі уақытта заңда әлеуметтік азық-түлік өнімдеріне 15% - дан аспайтын мөлшердегі сауда үстемесін асыра пайдалану бөлігінде бірінші рет бұзғаны үшін кәсіпкерге ескерту жасау белгіленген. Өзгерістер ескертуді 5-тен 150 АЕК-ке дейінгі айыппұлға ауыстыруды көздейді. Өзгерістер жобасы бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізілді, жақында құжат мәжіліске жіберіледі", - деді Айжан Бижанова.

Жыл басынан бастап 29 тамызға дейін әлеуметтік өнімдерге сауда үстемесін асырғаны үшін 11,8 млн теңге сомасына 2807 әкімшілік қаулы шығарылды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 4 есе көп (8 айда 760 қаулы. 2023).

"Делдалдық схемаларға қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы шеңберінде 2 741 өнімсіз делдал және сауда үстемесінің асып кету фактісі анықталды. Нәтижесінде 2 435 әкімшілік қаулы шығарылды және 306 делдал алынып тасталды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1322 фактіні құрады", - деп атап өтті вице-министр.
Жыл басынан бері өңірлік комиссиялардың қарауына Қаржы мониторингі жөніндегі агенттігі тарапынан 538 материал жіберілді, олар бойынша 350 адам жауапкершілікке тартылды.
Қаржы мониторингі жөніндегі агенттік жыл басынан бері заманауи IT-құралдарды пайдалана отырып, 900-ден астам балабақша, мектептер, ауруханалар мен интернаттарға қымбат бағада азық-түлік жеткізу фактілерін анықтады.
"Бүгінде 220 ұйым бойынша сатып алу шарттары түзетіліп, 230 млн теңгеден астам қаржы үнемделді. Мысалы, Ақтөбе облысында 26 балабақшада азық-түлік бағасы төмендетілді, онда бастапқыда сауда үстемесі 100% - дан 500% - ға дейін болды. Қостанайда 180% - ға дейін үстеме бағада сатып алған 35 әлеуметтік мекеме анықталды", - деді Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов.
Осындай жұмыс Астана мен Маңғыстау облысында да жүргізілді. 50 балабақша бойынша талдау жұмысы жүргізіліп, онда 85 млн теңге үнемделді.