Қазақстандық жастарды әскерге дейінгі даярлау мәселесі өзекті болып тұр. Себебі ол азаматтарды оқыту және патриоттық тәрбиелеу жүйесінде маңызды орын алады.
ERNUR.KZ. Қолданыстағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес, азаматтарды әскери қызметке дайындау – бұл мемлекеттік органдар тарапынан әскерге дейінгі және шақырылуға жататын жастағы азаматтармен әскери қызмет негіздерін оқыту мақсатында өткізілетін міндетті іс-шаралар кешені болып табылады. Білім беру ұйымдарында әскери іс негіздерін оқытудың міндетті пәні – бастапқы әскери және технологиялық дайындық болып табылады. ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев ОКҚ брифингінде осылай деді.
Қорғаныс министрлігі білім беру ұйымдарында бастапқы әскери дайындықты ұйымдастыруға жергілікті әскери басқару органдары арқылы көмек көрсетеді. Бұл органдар Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментіне тікелей бағынады.
«Бүгінгі таңда Мәжіліс депутаттары бастапқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушыларына қойылатын талаптарды күшейту бойынша ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, олар әскери қызмет өткеру немесе әскери кафедрада оқу тәжірибесінің болуы міндетті деп тануды ұсынуда. Осыған байланысты, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта заң жобасы Мәжілісте қаралуда және бірінші оқылымнан өтті», – деді ведомство өкілі.
Қорғаныс министрлігі «Бастапқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің оқу бағдарламасын «Отан қорғаушы»деп өзгерту жөнінде пилоттық жоба ұсынды. Сонымен қатар осы пәннің тақырыптық жоспары әзірленді. Жаңа оқу бағдарламасына мынадай бөлімдер енгізіледі: Мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорғанысының құқықтық негіздері, Қарулы Күштер және Әскери доктрина, Әскери дайындық негіздері, Әскери қызмет негіздері, Ақпараттық қауіпсіздік негіздері, Әскери роботтар және жасанды интеллект, Өмір қауіпсіздігінің негіздері, Оқу-дала модулі. «Отан қорғаушы» пәнінің жаңа оқу бағдарламасын енгізу 2026–2027 оқу жылдарына жоспарланған. Қазіргі уақытта ол Оқу-ағарту министрлігінде талқылау кезеңінде.