“Әлі сене алар емеспін”: 135 балл алған оралдық түлек ҰБТ-ны қалай тапсырғанын айтып берді

0
552

Жас түлектің айтуынша білім сынағына күнделікті 1 жарым сағатын арнап физика мен математикаға дайындалыпты.


“Әлі сене алар емеспін”: 135 балл алған оралдық түлек ҰБТ-ны қалай тапсырғанын айтып берді

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау ауылының түлегі Алияр Жұрмағанбетов ҰБТ-дан ең жоғары балл алғандардың бірі. Ол отбасындағы үш баланың үлкені, Оралдағы ақпараттық технологиялар лицейін аяқтаған. Білім сынағынан 135 балл алған ол, қалай болғанын толық айтып берді, деп жазады stan.kz.

Жас түлектің айтуынша білім сынағына күнделікті 1 жарым сағатын арнап физика мен математикаға дайындалыпты. Алғашқы өзін сынау тестінен 77 балл алған ол осылайша әр кезеңде жақсы нәтиже көрсете білген.

“Бірінші сынақ тестінен кейін наурыз айында екінші рет тапсырып көрдім. Ол кезде 119 балл жинадым. Осылайша ҰБТ-дан шамамен 125 балл жинайтын шығармын деген үмітте жүрдім. Бірақ тест қорытындысы шыққанда қатты қуандым”, - дейді ол.

Болашақ мамандығын Алияр үшінші сыныпта оқып жүргенде-ақ таңдап қойған. Яғни енді Алматыдағы технологиялық университеттің автоматтандыру және басқару мамандығына түспекші.

“Одан да көп балл жинауыма болар еді. Тарих пәнінен екі сұрақта қате кеткен. Әрине логикалық сұрақ болған соң солай болды. Бастысы тест тапсырған сәтте сабыр сақтап, өзіңді еркін ұстаған дұрыс. Сол кезде бәрі сәтті аяқталады”, - дейді жас түлек.

Математика пәнінің мұғалімі Гүлжан Саинова таңдау пәні бойынша екі оқушысы жоғары балл жинағанына қуанышты. Әрі оқушыларының жыл басында-ақ жақсы нәтиже көрсетуге мақсат қойғандарын айтып берді.

“Қыркүйек айында арнайы журнал бастап, сол жерге нәтижелерді жазып отыруға тырыстық. Қатемен көп жұмыс істедік. Алияр шамамен 125 балл жинайтынына сенімді болған. Бірақ одан да жақсы көрсеткішке жеткеніне қатты қуанып қалдым. Ол мектеп кезінен сабырлы, талапты бала болатын”, - деді ұстаз.

Алияр 7-ші сыныптан білім нәрімен сусындатқан ұстаздары мен интернат қызметкерлеріне дән риза.