Алматы әкімі жауапсыз мердігерлерді лицензиясынан айыруды тапсырды

0
101

Қала құрылысын бақылау басқармасы мұндай нысанды әр апта сайын қадағалап отырады.


Алматы әкімі жауапсыз мердігерлерді лицензиясынан айыруды тапсырды

ERNUR.KZ. Алматыда мерзім мен сапа талаптарын бұзған мердігерлерге қатаң шара қолданылады. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалдының кеңесшісі Ильзат Акчурин жеке парақшасында жазды, деп жазады sputnik.kz.

Оның айтуынша, кейбір мердігер бір нысанды бітірмей жатып жаңасына кіріседі.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік нысандардың құрылысына, жол инфрақұрылымы мен қоғамдық кеңістіктерді дамытуға қатысып жүрген мердігер ұйымдардың құрылтайшыларымен кеңес өткізген.
"Кездесу барысында қала бойынша жүзеге асып жатқан жобалардың орындалу барысына аралық қорытынды жасалды. Бүгінде Алматыда 147 жоба іске асырылып жатыр, соның ішінде 26 нысанда мерзім сақталмаған, сапаға қатысты талаптар бұзылған", - дейді Акчурин.
Алматының қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Олжас Төлебаевтың айтуынша, мониторинг нәтижесінде келісімшарт мерзімін үнемі бұзып, құрылыс нормаларын сақтамайтын тоғыз мердігер анықталған. Олардың жұмысында жобадан ауытқу, ұйымдастыру деңгейінің төмендігі және құжат жүргізудегі салғырттық жиі байқалады.
Қала әкімі Дархан Сатыбалды мұндай немқұрайлылық қала тұрғындарының наразылығын тудырып отырғанын жеткізді. Көпшілік мектеп пен балабақша құрылысының созбалаңға салынғанына, саябақтар мен жағалауларды абаттандыру жұмыстарының кешігуіне, сондай-ақ жол мен тротуардағы қазылған жерлердің уақытында қалпына келтірілмеуіне шағымданған.
"Одан бөлек, кейбір компаниялар бір нысанды бітірмей жатып, жаңасын қолға алатын келеңсіз әдет қалыптастырған. Мұндай тәжірибеге мүлде жол беруге болмайды. Өйткені, мәселе адамдардың қауіпсіздігі мен жайлы өмірі туралы болып отыр. Егер мердігер міндетін тиісті деңгейде орындамаса, оның қала жобаларында жұмыс істемеуі керек", – деді Дархан Сатыбалды.
Кеңес қорытындысы бойынша Алматы әкімі қала құрылысын бақылау басқармасына мұндай нысанды әр апта сайын қадағалап отыруды, жауапсыз мердігерлердің лицензиясынан айыруды және қажет болса материалдарды құқық қорғау органдарына жіберуді тапсырды.