Алматы облысында енесінің денсаулығына алаңдаған келіні 82 мың теңге айыппұл төлейтін болды

0
248

​Ол дәрігерді балағаттап, оның компьютерін сындырып кеткен.


Алматы облысында енесінің денсаулығына алаңдаған келіні 82 мың теңге айыппұл төлейтін болды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Алматы облысындағы Қарасай ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты терапевт-дәрігерді балағаттап, оның компьютерін сындырған әйелге қатысты істі қарады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, 2025 жылдың 22 қаңтары күні шамамен кешкі сағат 19:00-де С. есімді келіншек Қарасай орталық аудандық ауруханасының қабылдау бөлімінде жандал шығарған, терапевт-дәрігерге дөрекі сөз айтып, компьютердің пернетақтасын сындырып кеткен. Сот бұны «міндетін орындап отырған медициналық қызметкерге құрмет танытпау» деп тапқан. Сотқа келген келіншек кінәсін мойындаған.

«Сот отырысында ол кінәсін мойындап, енесінің денсаулығы үшін алаңдағанын, сондықтан, үстелді ұрып, дәрігердің пернетақтасын сындырып жібергенін айтқан. Бірақ, ол дәрігерге жаңа пернетақта алып берген. Дәрігерден кешірім сұрап, жасаған ісіне өкініш танытқан», - деп хабарлайды сот.

Соттың мәліметіне сүйенсек, оқиғаны полиция қызметкерлері тіркеп, әкімшілік заң бұзу фактісі туралы хаттама толтырған.

«Сот қолда бар дәлелдерді және әйелдің өз кінәсін мойындап тұрғанын ескеріп, оны кінәлі деп тапқан. Жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, сондай-ақ әйел алғаш рет заң бұзып тұрғанын ескеріп, оған салынған айыппұлды 30% қысқартып, әйелге 82 572 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындады», - деп хабарлайды Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.