Олар балаға өздерімен бірге сыра ішуді ұсынған.
Фото: Zakon.kz
ERNUR.KZ. Алматы облысының Өтеген Батыр кентінде қаршадай балаға шабуыл жасалды. Жеткіншек ауруханаға жатқызылды, деп жазады zakon.kz.
Оқиға туралы ақпарат желіде тарады.
"Бүгін, 2025 жылғы 9 сәуірде Өтеген Батыр кенті, Титов көшесі, 10 мекенжайы бойынша мас күйде болған екі ер адам 9 жастағы кәмелетке толмаған балаға шабуыл жасады. Олар балаға өздерімен бірге сыра ішуді ұсынған, өздеріне шақырып, содан кейін ересектердің бірі баланың басынан қатты соққы берген. Тіпті киімін жыртып тастаған",- делінген басылымда.
Бұл сәтте, оқиғаның куәгерлері баланы қорғап, әлгі ер адамды қашып кетуге тырысқан жерінен ұстап алған.
«Титова, 10 мекенжайында жұмыс істейтін адамдар масаң күйде екі ер адамның «Солнышко» балабақшасының маңында біршама уақыт жүргенін көрген. Олар балалардың таза ауада серуендегенін бақылап тұрған. Бұл екі ер адамның қандай да бір жаман ойы болған тәрізді. Осы жазбаны ата-аналар көріп, балаларының қауіпсіздігіне назар аударса екен деп тілеймін», – деп мәлімдеді оқиға куәгері.
Зардап шеккен баланы ауруханаға жедел жәрдеммен алып кетті.
Алматы облысының полициясы болған оқиғаға түсініктеме берді.
"Бұзақылық әрекеттер фактісі бойынша полиция қылмыстық іс тіркеді, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер анықталды, ұсталды, қазіргі уақытта уақытша бейімделу және детоксикация орталығында. Іс бойынша барлық мән-жайларды тергеудің жан-жақтылығын, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін тергеу іс-қимылдарының кешені жүргізілуде", - деп хабарлады ПД.
Бұған дейін Шерзат Полаттың үйіне өрт қою ісі бойынша күні бүгінге дейін бірде-бір күдікті анықталмағаны хабарланған болатын.