Алматы облысында жоғары сынып оқушысынан әлімжеттік көрген бала суицид жасамақ болды

0
483

Ата-анасы оқиғадан кейін Қарасай ауданы полиция басқармасына арызданған.


Алматы облысында жоғары сынып оқушысынан әлімжеттік көрген бала суицид жасамақ болды

ERNUR.KZ. Алматы облысы Қарасай ауданы Береке ауылында жоғарғы сынып оқушысынан қоқан-лоқы көрген 16 жастағы жасөспірім суицид жасамақ болды. Абырой болғанда оны ағасы құтқарып қалған, деп жазады sputnik.kz.

Береке ауылындағы Мәсімхан Бейсебаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы бір сынып жоғары оқитын оқушыдан әлімжеттік көріп келген. Алайда бұл туралы ешкімге тіс жарып айтпаған.
Ата-анасы оқиғадан кейін Қарасай ауданы полиция басқармасына арызданған.
"Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмағанның өзіне-өзі қол жұмсау әрекеті фактісі негізінде бұл өтініш ҚР ҚК 105-бабы бойынша Қарасай ауданында тіркелгенін хабарлайды. Барлық қажетті сараптама тағайындалды және тергеу шаралары жүріп жатыр. Оқиға бойынша тексеру жүргізілді, жиналған материалдар уәкілетті қызметтерді тарта отырып, Қарасай ауданы әкімінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберілетін болады", - дейді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ернар Сайдилдин.
Алматы облысының білім басқармасы әлімжеттік көрсеткен оқушы есепке алынғанын айтады.
"Буллингке қатысты оқушы мектепішілік есепке алынды. Сонымен қатар, тәртіпсіздікке барған оқушының ата-анасына ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 127-бабы бойынша (Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы) әкімшілік өндіріс қозғалып, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды", - дейді Алматы облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Сынып жетекшісі, психологтар мен мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына сөгіс берілген.
Қазіргі таңда ата-аналар, мектеп ұжымы мен оқушылар арасында "буллингке бармау", "Өзара сыйластық пен құрмет" тақырыптарында әңгімелесу және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, қазанда балалар құқын қорғаушы қоғамдық ұйым Алматыда "Қазақстан мектептеріндегі буллинг" тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Олардың айтуынша, республикада оқушылардың 14-тен 65%-ке дейіні мектепте жүріп әлімжеттік көреді.
"Қазақстанның 12 облысында 5000-нан астам тренинг өткіздік. Оған мұғалімдер, мектеп әкімшілігі, психологтар мен әдіскерлер қатысты. Бірақ нәтиже жоқ. Неге? Өйткені мектеп директорлары шындықты ашып айтудан қорқады. Мектебінің жаман аты шықпасын деп, проблеманы барынша жасырады. Бала қандай да бір оқыс жағдайға ұшыраса ата-анасын кінәлі етіп көрсетеміз. Біздің тернингтердің нәтиже бермеу себебі балаға қатысты оқиғаны барынша бүркемелеп, жабу астында ұстаймыз. Ал жүрегінде қорқыныш, үрей болған оқушы түбі суицид жасайды", - дейді Алматы қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлова.