Алматы облысында үш көліктің соқтығысуы салдарынан бес адам қаза тауып, үш адам зардап шекті.
ERNUR.KZ. Алматы облысының полиция департаментінің мәліметінше, 24 желтоқсанда Жамбыл ауданында Toyota Camry, Daewoo Nexia және Daf Trucks N жеңіл көліктері соқтығысқан, деп жазады sputnik.kz.
Полицияның алдын ала ақпаратына мәйкес, жол апатына Toyota Camry көлігінің 33 жастағы жүргізушісі кінәлі. Анықталғандай, Алматы – Бішкек тасжолының 126-шақырымында ер адам тіркемесі бар Daf Trucks NL көлігін басып озамын дегенде қарсы бағытта келе жатқан Daewoo Nexia көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Инерциямен жүк көлігіне соғылған.
"Жол апаты салдарынан 4 адам оқиға орнында көз жұмды. Түрлі жарақат алған тағы 4 адам жақын маңдағы ауруханаға жатқызылды, олардың біреуі ауруханада қайтыс болды. Аталған факті бойынша қажетті сараптама жүргізіледі. Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі ("көлікті басқаратын адамның абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлікті пайдалану қағидаларын бұзуы") бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - деді полицияның баспасөз қызметі.
Өңірлік полиция қызметі қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты.