Алматы облысындағы қанды көкпар: федерация не дейді?

0
90

Әлеуметтік желілерде Алматы облысы Қарасай ауданындағы ат клубының видеосы тарады.


Алматы облысындағы қанды көкпар: федерация не дейді?

фото:видео кадры

ERNUR.KZ. Алматы облысында өткен көкпар көпшіліктің ызасын келтірді. Пайдаланушылар спортты қатыгездік деп атап, оған тыйым салуға шақырды, деп жазады tengrinews.kz.

Әлеуметтік желілерде Алматы облысы Қарасай ауданындағы ат клубының видеосы тарады. Кадрларда көкпар ойыны кезінде бір жылқының аузы жырылып, қан кеткені көрінеді. Видео қызу талқыға себеп болды: пайдаланушылар жануарға қатыгездік жасалды деп мәлімдеп, e-Otinish порталы арқылы ІІМ-ге жаппай шағым жібере бастаған.

Видео жарияланғаннан кейін қазақстандықтар 2ГИС қосымшасында клубтың рейтингін түсіріп тастады: көрсеткіш 4,9-дан 1,3 жұлдызға дейін төмендеді. Клубтағылар жылқының жарақаты қауіпті емес екенін айтты.

Желіде көкпарды "қатыгез спорт" деп атап, оған толық тыйым салу жайлы үндеулер күшейе түсті.


Қазақстан көкпар федерациясының президенті Айдарбек Ходжаназаров Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында жарияланған видеодағы жылқы дұрыс дайындалмағанын, сондай-ақ жабдықтың сәйкес келмегенін айтып, салдары жарақатқа әкелгенін жеткізді.

"Дәл осындай факторлар жиі жарақатқа әкеледі. Бұл тек көкпарға ғана емес, басқа ат спорты түрлеріне де қатысты: конкур, бәйге, поло. Жарақат алу қаупі жылқыларда да, спортшыларда да бар. Сондықтан көкпарды тұтастай айыптау дұрыс емес – нақты жағдайды зерттеу керек", – деді федерация президенті.

Ходжаназаровтың айтуынша, барлық ойын федерация аясында өтпейді, ал бейресми турнирлерде жиі ережелер бұзылады:

"Біз мұндай жағдайлар мұқият тергелуі тиіс деп есептейміз, ал ұйымдастырушылар міндетті түрде жауапқа тартылуы қажет".

Оның сөзінше, федерация жаңа қауіпсіздік стандарттарын енгізіп, көкпарды спортшылар мен жануарлар үшін барынша қауіпсіз етуге күш салады.

"Көкпар – ұлттық спорт түрі әрі мәдениетіміздің маңызды бөлігі. Біздің міндет – дәстүрді сақтап, сонымен бірге оны заманауи әрі барынша қауіпсіз ету".

Алматы облысының полиция департаменті бұл факті бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.