Алматыда 12-қабаттан құлап өлген қыз жайлы жаңа деректер белгілі болды

0
785

Жас қыз 12 қабаттан құлағанда екінші қабат тұсындағы кіреберіс бастырмаға келіп түскен.


Алматыда 12-қабаттан құлап өлген қыз жайлы жаңа деректер белгілі болды

ERNUR.KZ. Алмалы ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінен секіріп кеткен қыздың жасы шамамен 16-17 жаста болған, деп жазады exk.kz.

Оқыс оқиға жайында көпқабатты үйдің тұрғындары айтқан.

"Күндіз мен үйде болмадым. Алайда көршілер маған болған оқиғаны телефонмен жеткізді. Өте жантүршігерлік жағдай. Естуімше, қайтыс болған қыз бұл үйдің тұрғыны емес. Сырттан келуі мүмкін", дейді көпқабатты үйдің тұрғыны Татьяна.

Белгілі болғанындай, жас қыз биік үйдің он екінші қабатынан құлап өлген. Пәтер терезесінен емес, тұрғындарға ортақ балконнан секіріп кеткен. Бұл ақпаратты қыз құлаған балконмен жапсарлас тұратын Ердос есімді тұрғын айтты.

"Мен кешкі бестерде жұмыстан келдім. Ол кезде үй маңы полицейлер мен дәрігерлерге толы болды. Секірген қыз балконға қолсөмкесін, күртесі мен аяқкиімін қалдырған. Өлімге дайындалған секілді. Естуімше, марқұмның есімі Шынар болуы керек. Жасы 16-17-лерде. Ол қызды танымаймын. Біздің үйдің тұрғыны емес. Шынымды айтсам, дәл пәтеріңнің жанында кісі өзін өлтіріп жатқаны жаман екен", дейді Ердос.

Суицид жасалған 12 қабаттың тұрғындары бірауыздан қайтыс болған қызды танымайтынын айтты. Көршілер оның бұл үйде тұрмайтынына сенімді.

"Мен бұл үйден пәтер жалдап тұрып жатқаныма бір ай да болған жоқ. Әзірге көршілерді танымаймын. Қайғылы оқиға болған кезде, мен үйде болдым. Ешқандай айғай-шу, төбелес болмады. Полицейлер ол қыз 11 сынып оқушысы деп айтты. Бірақ олар кешкі сағат 17:00 шамасында менен жауап алған кезде, өздері де ол қыздың осы үйде тұратын-тұрмайтынын білмейтін еді", дейді жаңа тұрғын.

Жас қыз 12 қабаттан құлағанда екінші қабат тұсындағы кіреберіс бастырмаға келіп түскен.

Сондай-ақ қыз құлаған жерде музыка тыңдайтын телефонның құлаққабы да жатқанын байқадық. Бәлкім байғұс қыз бір әуенге елітіп тұрып секіріп кетуі де мүмкін. Алайда бұндай жорамал ресми жасалмады.

Біз тұратын үйде көршілерге ортақ арнайы чат та жоқ. Сондықтан ол қыз осында тұрды ма, жоқ па, оны тап басып айта алмаймын. Егер ол қыз осы үй тұрғыны болғанда, далада туыстары ма, таныстары ма дауыс салып жылап жүрген болар еді. Ондай ештеңе байқалмады. Тек дәрігерлер, полицейлер мен мәйітхана қызметкерлері, сосын бейсауат жүрген кісілер ғана болды.

"Көршілердің бір де біреуі бұл не қылған қыз, не үшін секірді, үйге қалай кірді, ол жөнінде айтып бере алмайды. Бәрінің айтатыны — ол қыздың біздің үйде тұрмайтындығы. Қорқынышты жайт. Үйіміздің ауласы ең тыныш аула еді", дейді тұрғындар.

Естеріңізге сала кетсек, 2 желтоқсан күні түс қайта Алмалы ауданындағы көпқабатты үйдің 12 қабатынан жас қыздың құлап өлгені туралы хабарлаған болатынбыз.