Олардың ата-аналарына болған жағдай хабарланады.
ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігі Алматыдағы әскери институттың 210 курсанты 1 желтоқсанда оқу орнынан кетіп қалғанын мәлімдеді, деп жазады Tengrinews.kz.
"2021 жылдың 1 желтоқсанында сағат 18.00-ден кейін құрлық әскерлері әскери институтының төртінші курстың 210 курсанты оқу орнынан рұқсатсыз кетіп қалған. Институт бастығы, генерал-майор Дулат Адырбековтің айтуынша, курсанттардың өз бетінше кетіп қалуының себебі - кадр тағайындалуында келіспеушілік, факультет (курс) бастығының ауысуы және бұрынғы басшылықты қайтаруын сұрауы", - делінген хабарламада.
2 желтоқсанда таңғы 9-дан бастап курсанттар сабаққа қатысқаны атап өтілді. Олардың ата-аналарына болған жағдай хабарланады.
Бұл дерек бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиновтің басшылығымен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы тергеу жүргізіп жатыр.