Алматыда бес адамды атып өлтірген Дужновтың ісі бойынша куәгерлерден жауап алу басталды

0
592

​Төрт адамнан жауап алынды, олар түрлі жағдайға байланысты оқиға болған күні "Ақбұлақ" шағын ауданындағы үйдің жанында болған.


Алматыда бес адамды атып өлтірген Дужновтың ісі бойынша куәгерлерден жауап алу басталды

ERNUR.KZ. Алматыда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта бес адамды өлтірген Игорь Дужновқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп жазады sputnik.kz.

Дужнов отбасын үйден шығаруға келгендерді, оның ішінде сот орындаушысын және екі полиция қызметкерін атып өлтірген. Бүгін сот 2021 жылдың 20 қыркүйегінде болған оқиға куәгерлерінен жауап алып жатыр.
Түске дейін төрт адамнан жауап алынды, олар түрлі жағдайға байланысты оқиға болған күні "Ақбұлақ" шағын ауданындағы үйдің жанында болған.
Сотталушы Дужновтың туысы Алмас Абдулиннің айтуынша, ол 20 қыркүйекте Игорь Дужновтың өтініші бойынша моральдық қолдау көрсету үшін қылмыс болған үйге барған. Ол сотта Дужновтың мінезі жақсы екенін айтып, оқиға осылай аяқталады деп күтпегенін жеткізді.
"Біздің Дужновпен қарым-қатынасымыз жақсы. Ешқашан арамызда қақтығыс болмады. Игорьды жақсы жағынан білемін. Үйінен шығаратын күні маған қоңырау шалып, келуімді, моральдық қолдау көрсетуімді сұрады", - деді Абдулин сотта.
Оның айтуынша, Дужнов бес адамға оқ атқан кезде ол үйде, әйелі мен қызының, басқа да туыстарының жанында болған. Не болғанын аулаға шыққанда білген.
"Мен аулаға шығып, көлікке жақындадым. Ол жерде бес адамның денесін көрдім. ( ... ) Содан кейін қақпаға қарай бардым, Игорь мылтық ұстап тұр екен. Оған қарадым, бірақ жақындамадым. Кері қайтып, әйелдердің жанына бардым. Үйге кіріп, не болғанын айттым", - деп еске алды Алмас Абдулин.
Осыдан кейін, оның айтуынша, үйдің ауласында тұрған ағасымен бірге қақпаны ашып, жедел жәрдем шақыру керек екенін айтқан.
Игорь Дужновтың қалай ұсталғаны туралы сот отырысында Алатау аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Құмарбек Кеншінбаев айтып берді.
Оның айтуынша, ол қайғылы оқиға орнына Дужнов әлі үйде болған кезде барған.
"Оқиға орнына жеткенде мен үйдің жанына көптеген адамның жиналғанын көрдім, олардың арасында қылмыс аймағын қоршап алған полиция қызметкерлері де болды. Дужновтың туыстарының бірі үйден шықты, сонымен сөйлестім. Ол аулада бес адамның денесі жатқанын айтты. Мен қақпаның сыртынан қарап, қимылсыз жатқан бес адамның денесін көрдім. Ол адамға полиция бастығы екенімді айттым. Дужнов қайда екенін сұрадым. Ол оның қарумен отырғанын, сол себепті қақпаға жақындаудың қажеті жоқ екенін айтты", - деді полиция қызметкері.
Кеншінбаевтың айтуынша, ол Дужновтың туысы арқылы оны келіссөзге көндірген. Туысы ішке кіріп, біраз уақыттан кейін оның сөйлесуге дайын екенін айтады.
"Содан кейін мен ішке кірдім (үйдің ауласына), жерде жатқан денелерді көрдім, алдымнан Дужновтың өзі шықты. Қолында қаруы болған жоқ. Оған өзімді таныстырып, бізбен бірге полиция қызметкерлерінің көлігіне баруы керек екенін айттым. Оны көшеге шығардым, қызметкерлерге тапсырдым. Содан кейін аулада тергеу шаралары басталды", - деді Құмарбек Кеншінбаев.
Сот отырысына видеобайланыс арқылы қатысқан Игорь Дужнов көп сөйлеген жоқ. Ол отырыстың басында өзін ішінара немесе толық кінәлі деп мойындай ма, жоқ па, әлі нақты шешпегенін мәлімдеді.

Алматыдағы атыс

20 қыркүйекте кешке Алматы тұрғыны Игорь Дужнов отбасын үйден шығаруға келген адамдарға оқ атты. Бес адам қайтыс болды: екі полицей, бір сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның өкілі.
Күдіктінің отбасына тиесілі тұрғын үй оның алдында банкке қарыз бойынша үшінші тарапқа сатылған. Үйдің бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді босатқысы келмеген.
Сотта Дужнов адамдардың өліміне байланысты өкінетінін айтты. Ол мұндай жағдайға "заңсыздық пен сот озбырлығы, сот орындаушысының заңсыз әрекеттері" себеп болғанын айтты.
Бұған дейін алдын ала сот отырысында бас прокуратура Дужнов қылмысты жоспарлаған, ол карабинді оқтап, гаражға жасырған деп мәлімдеді.
Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің аға прокуроры Шыңғысхан Пұсырмановтың айтуынша, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі, адвокаттың көмекшісі аулаға кірге кезде Дужнов қаруын алуға барған.
Тергеу Дужновтың ауласына кірген адамдарды қабырғаға қаз-қатар тұрғызып, бірінен соң бірін атқанын анықтады. Содан кейін ол көшеге шығып, сол жерде тұрған полиция қызметкерлеріне оқ жаудырған. Бірақ олар көліктің артына жасырынып үлгерген, олардың бірі оқ жаудырған адамның қаруын тартып алды.
Жалпы алғанда Дужнов карабиннен 10 рет оқ атқан, оның ішінде тоғызын сегіз секундта атты.