Отырысқа судья Кеңшілік Әбелдинов төрағалық етеді.
ERNUR.KZ. Алматыда әйгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша бастапқы тыңдау басталғалы жатыр, деп жазады sputniknews.kz сот залынан.
Сот қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында өтуде. Отырысқа судья Кеңшілік Әбелдинов төрағалық етеді.
Бастапқы тыңдауда басты сот талқылауының күні белгіленеді. Сонымен қатар жәбірленуші және айыпталушы тарап өтініш бере алады.
Денис Теннің қазасы
Биыл шілденің 19-ында тапа-тал түсте Алматының қақ ортасында мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді көлік ұрылары пышақтап кетті. Мұз айдынын бағындырған 25 жастағы спортшы бір айнаның кесірінен жарқ етті де, жоқ болды.
Денис тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған екі қаскөйдің үстінен түседі. Арада жанжал басталып, ұрылардың бірі спортшыны пышақпен жарақаттайды. Үш литр қан жоғалтқан спортшының өміріне дәрігерлер араша түсе алмады. Тен ауруханада кешкі бестер шамасында көз жұмды.
Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталды. Олар Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін қамауға алынды.