Кәсіпорынды Қазақстан мен Малайзия бірлесіп ашты.
ERNUR.KZ. Алматыда электротехникалық жабдықтар мен электр энергиясын тарату жүйелерін шығаратын зауыт іске қосылды, деп жазады sputnik.kz.
Инвестициялық жобаны малайзиялық "OISB Kazakhstan" ЖШС жүзеге асырды. Бұл компания 1976 жылдан бастап мұнай-газ және электротехникалық өнімдер нарығында белсенді рөл атқарады. Өндіріс процесінде "RAWAK SMART" төмен вольтты жүйесінің инновациялық технологиясы қолданылады.
"Құны 980 млн теңге болатын жобаны іске асыруға 0,6 га жер учаскесі бөлінді. Нәтижесінде 50 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2 мыңға жуық өнім шығарады. "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағы Алматының Медеу ауданындағы 163 га аумақта орналасқан", - деп атап өтті әкімдік.
Мемлекет тарапынан инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның, бірінші кезектегі ғимараттардың, әкімшілік кеңсенің құрылыстары салынған. Әкімдіктің айтуынша, "ИТП" арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына салық және кедендік жүктемені төмендету бойынша түрлі преференциялар мен жеңілдіктер беріледі.
Бүгінгітаңда "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағының резиденттері - 160 компания.
"Экономикалық аймақ құрылған сәттен бастап 6 727 жұмыс орны құрылды, 50,69 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 34,7 млрд теңге сомасында салық және бюджетке төлемдер түсіп, 493,7 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Ал экспорт көлемі 7,46 млрд теңге болды", - дейді ведомство.