Алматыда хантавирусқа қарсы дайындық күшейді

0
139

Алматыда хантавирусқа байланысты жағдай бақылауға алынған.


Алматыда хантавирусқа қарсы дайындық күшейді

Фото: Софья Сандурская / АГН «Москва»

ERNUR.KZ. Санитариялық қызмет мамандары қаладағы ауруханалар мен оқшаулау орындары ықтимал жұқтыру жағдайларына дайын екенін айтты, деп жазады ulysmedia.kz.

САНИТАРЛЫҚ-БАҚЫЛАУ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

Баспасөз мәслихаты кезінде санитариялық қызмет пен денсаулық сақтау саласының өкілдері Алматы әуежайларында қосымша шектеулер немесе санитариялық бақылауды күшейту жоспарланбағанын жеткізді. Дегенмен қалада жұқпалы ауруға күдікті жолаушыларды қабылдап, тексере алатын санитариялық-бақылау бекеттері қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.

Спикерлер Алматыдағы инфекциялық ауруханалар мен оқшаулау орындары ықтимал жұқтыру жағдайларына дайындалғанын айтты. Инфекционист дәрігерлер мен жедел әрекет ету қызметтері аса қауіпті инфекциялар хаттамасы бойынша жұмысын жалғастырып жатыр.

КОРОНОВИРУСТАЙ ТЕЗ ТАРАЛМАЙДЫ

«Хантавирус жаңа инфекцияларға жатпайды. Вирустың көптеген түрі бар, алайда ол коронавирус секілді халық арасында тез таралатындай аса жұқпалы емес. Қажет болған жағдайда денсаулық сақтау жүйесі ықтимал ошақты оқшаулауға дайын», – деді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекшісі.

Санитариялық қызмет өкілдері жаз мезгілінде Алматыда жіті инфекциялық аурулар мен тағамнан уланудың алдын алу шаралары дәстүрлі түрде күшейтілетінін еске салды. Мамандар су айдындарына мониторинг жүргізіп жатыр, ал кафе, базар және басқа да нысандарды тексеру Кәсіпкерлік кодексі аясында жалғасады.

ХАНТАВИРУСҚА ВАКЦИНА ЖОҚ

Сондай-ақ мамандар хантавирусқа қарсы вакцина әлі әзірленіп жатқанын атап өтті. Соған қарамастан, денсаулық сақтау басқармасы емдеу хаттамаларын талқылап, жүйені ықтимал жағдайларға дайындап жатыр.

Бұған дейін хантавирустың таралуы тіркелген MV Hondius круиз кемесінен эвакуацияланған жолаушылар арасында Франция мен АҚШ-та жаңа жұқтыру жағдайлары анықталғаны хабарланған еді.

ВИРУС ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

ДДСҰ хантавирус жұқтырғандар саны әлі де көбеюі мүмкін екенін ескертті. Себебі вирустың жасырын кезеңі алты аптаға дейін созылады.

Қазір мамандар инфекцияның адамнан адамға берілу ықтималдығын зерттеп жатыр. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездесетіні айтылады.

Сондай-ақ кеме бортынан әдетте вирустың негізгі тасымалдаушысы саналатын егеуқұйрықтар табылмаған.

КЕМЕ ЖОЛАУШЫЛАРЫ ІЗДЕСТІРІЛІП ЖАТЫР

Еске салайық, бұдан бұрын Әлем елдері MV Hondius круиздік лайнерінің жолаушыларын іздестіріп жатқаны хабарланған. Кемеде қауіпті хантавирус індеті тіркелгеннен кейін кейбір жолаушылар инфекция туралы ақпарат жария болмай тұрып лайнерден түсіп кеткен. Қазір олардың нақты қайда жүргені белгісіз. Аралық аялдамадан түскен 40-қа жуық адамның арасында қаза тапқан азаматтардың бірінің жұбайы да болған.