Жанжал клуб ішінде басталып, кейін далада жалғасқан.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Алматыдағы компьютерлік клубтардың бірінде басталған жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. Жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелес салдарынан екі бала қаза тапты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оқиға қалай болды?
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, жанжал клуб ішінде басталып, кейін далада жалғасқан. Сөзге келмей, жаға жыртысқан 10-ға жуық жас жігіттің арасында біреуі пышақ қолданған. Екі кәмелетке толмаған бала пышақ жарақатын алып, ауруханада жан тапсырды.
«Досы көмек сұрап, біреумен ерегісіп қалғанын айтқан. Ол жерде 10-ға жуық бала болған. Төбелес кезінде біреуі досының жүрегіне пышақ сұғып алған. Балам соған ашуланып, соңынан жүгіргенде, оны да пышақтап кеткен», — дейді марқұмның анасы.
Алматы қалалық Полиция департаменті оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 12 адамды ұстады. Ұсталғандардың барлығы 17-18 жастағы бозбалалар. Қазіргі уақытта «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Дене жарақатын салған негізгі күдіктілер анықталып, қамауға алынды. Қалған қатысушылардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады», — деп мәлімдеді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.


