Бағалаушылар үйлерді өз көзімен көрмеген.
ERNUR.KZ. Алматыда 10 сәуір күні жылыту магистралінің құбыры жарылып, төрт адам ауруханаға жеткізіліп, жеті үй мен сегіз көлік зардап шеккен еді. Зардап шеккендерге шығындарды бағалау актісі таратылды. Алайда олар бұл сомамен келіспей, тәуелсіз сарапшылардың қызметіне жүгінбек, деп жазады ktk.kz.
Жарылған жылу құбырының ыстық суы көпқабатты үйдегі тұрғындардың мүлкі мен жиһазын жарамсыз күйге түсірген. Тіпті үйдегі есіктер ісінгеннен жабылмай тұр. Қабырғаларды сыз басқан. Үйлерде су мен жарық өшірілген.
Жалпы жеті пәтердің иесі шарасыз күйде.
"Мұнда тұратындардың - дені қарттар. Кешеден бері өз ақшама пәтер жалдадым. Киімдерім мен жататын төсек-орным дымқыл. Ал сынған терезенің шынысы мен қиыршық тастарды тазалауға еріктілер көмектесті", - деді Наталия Решетникова.
Қазір көпқабатты үйдің дәлізінде кептіру жұмыстары басталған. Құтқару қызметінің арнайы пештері әр қабатта қосулы тұр. Тұрғындардың сөзінше, ең қиыны үйдің ішіндегі ылғалды қабырғаны кептіру. Қабырға мен еден толықтай кеппесе, жөндеу жұмыстарын бастау қиын.
Әкімдік өкілдері пәтерлердің ішкі көрінісін суретке түсірген. Апатқа кінәлі жылу беру мекемесі әзірге күрделі жөндеуге кететін шығынды есептеп отыр. Тұрғындардың айтуынша, бағалаушылар үйлерді өз көзімен көрмеген. Бүлінген жиһаздардың құнын сұрағанда мүліктің түбіртегін талап еткен.
Құбырдың жарылуынан сұлулық салоны да жапа шекті. Ғимарат терезелерінің сау-тамтығы қалмаған.
"Мына жақпен жүріп көріңіздер. Құбырды жөндеп, асфальтты төседі. Біздің салон сол күйі қалды. Терезенің сау жері жоқ. Жұмыс тоқтап тұр", - деді шаштараз Наталия Герасименко.
Ыстық судың екпінінен ұшқан асфальттың тастары маңайдағы сегіз көлікті сындырған. Оларға күрделі жөндеу керек. Қолдарына бағалау қағазы тиген көлік иелері шешімге разы емес.
"Агенттік мамандары әкімдіктің тапсырысымен 2011 жылғы көлігімді 582 мың 430 теңгеге бағалапты. Бұл сома ештеңеге жетпейді Ұсақ-түйекке кететін шығынды есепке алмаған. Көлікті қайта бағалауды талап етемін", - деді Маргарита Нұрсейітова.
Тұрғындармен кездескен Медеу ауданының әкімі апат салдарымен күресудің үш нұсқасын ұсынды.
"Келіспейтін тұсы болса, құрылыс материалдарын халық өзі таңдасын деп отырмыз. Әкеліп береміз. Содан кейін адамдар жөндеу жүргізетін құрылыс мекемесінің құжатын берсе. Біз оларға ақшасын төлеп берейік", - деді Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов.
Екінші нұсқа бойынша, тұрғындар келісім берсе, әкімдік пәтерлерді өздері жөндемек. Қос тарап мәмілеге келе алмаса, іске сот араласпақ. Әзірге, жарылған жылу құбырынан келген шығын көлемі нақты емес. Зардап шеккендердің дені тәуелсіз агенттіктің көмегіне жүгінбек ниетте.