Алматыдағы атыстан кейін борышкерге кепілге қойылған мүлікті өзі сатуына мүмкіндік беретін заң қаралып жатыр.
ERNUR.KZ. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында екінші деңгейлі банктердің кепілдік саясатын жетілдіруге арналған заң жобасына толықтырулар енгізіліп, Мәжіліске қайтарылды, деп жазады Экспресс К.
Алматы қаласындағы бес адамның өлімінен кейін несие берушілер мен қарыз алушылар арасындағы қарым-қатынасты, әсіресе, баспанаға қатысты мәселені реттеу қажеттілігі арта түскен. Сенатор Нұрлан Қылышбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан тапсырма берілгенін атап өтті.
"Бұл заң екінші деңгейлі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметі мен атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін заңдарға өзгерістер мен толықтыруларды қамтиды. Сонымен қатар қарыз алушының жағдайын жақсартуға бағытталған", дейді депутат.
Заң жобасында борышкерге кепілге қойылған мүлікті өзі сатуына және кей жағдайларда кепіл берушінің кепіл нысанын ауыстыруына мүмкіндік беру қарастырылған. Одан бөлек, борышкердің мүдделерін қорғау мақсатында тыйым салынған жылжымайтын мүлікті өз бетінше сату құқығын беру ұсынылды. Сату бағасын 75 пайыз деңгейінде төмендету шегі белгіленді. Заң жобасында бағалаушылардың қызметіне қойылатын талаптар да қатаңдатылған.
Бұл ретте жеке сот орындаушыларына ішкі істер органдарына борышкердің қаруды сақтауға және алып жүруге рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру туралы ұсыныстар енгізу құқығы беріледі.
Айта кетейік, 20 қыркүйекте Алматының Ақбұлақ ықшамауданында орналасқан жекеменшік үйдің иесі Игорь ДУЖНОВ сот шешімін орындауға келген бес адамды атып тастады. Бұл жағдай қоғамда резонанс тудырды.