ERNUR.KZ. Алатау қаласында бірқатар министрліктердің вице-министрлерінің қатысуымен өткен жобалық кеңсенің отырысында Алматыдағы әйгілі хайуанаттар бағының басқа қалаға көшірілетіні айтылды, деп жазады Stan.kz.
“Алатауда қала инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар тоқтаған жоқ. Қазір қалада туризм, логистика, өнеркәсіп, білім және бизнес сияқты негізгі бағыттарды қамтитын 11 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп жатыр”, – деп мәлімдеді Алматы облысы әкімдігі.
Ұлттық экономика, әділет, ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс және инфрақұрылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлерінің қатысуымен өткен кеңесте келесі мәселелер талқыланды:
- Туризм инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы шеңберінде Алматы хайуанаттар бағын Алатау аумағына көшіру;
- EPC-келісімшарттарын пайдалану механизмін және үлескерлердің қаражатын эскроу шоттарына тарта отырып, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру құралдарын енгізу;
- Қала шегінде ауыл шаруашылығы жерлерін қайта бөлу және оларды қала құрылысы саясатына біріктіру мәселелері;
- Инновациялық көлік, оның ішінде әуе таксилері үшін сынақ ортасын құру.
Сондай-ақ Алатаудың инвестициялық тартымдылығын арттыру және кадрлық әлеуетті нығайту үшін Алатауда жұмыс істейтін мамандарды ипотекалық несиелеу лимитін арттыру ұсынылды.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тұрғындардың сұранысы мен тұрғын үй нысандарының құрылыс қарқынын ескере отырып, бұл бағдарламаны кеңейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.