"Алтын Орда" базарының бұрынғы атқарушы директоры сотталды

0
663

Марқабаев аса ірі мөлшерде психотроптық затты өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтады және тасымалдады деп айыпталды.


ERNUR.KZ. Алматы облысында "Алтын Орда" базарының бұрынғы атқарушы директоры Ермек Марқабаевқа қатысты сот үкімі шықты, деп жазады stan.kz.

Марқабаев аса ірі мөлшерде психотроптық затты өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтады және тасымалдады деп айыпталды. Өткен жазда Алматы – Бішкек тасжолында полиция қызметкерлері артқы орындығында Марқабаев отырған көлікті тоқтатқаны анықталды. Жеке тінту кезінде ұнтақты заты бар пакет табылып, тәркіленді.

Сот-химиялық сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат салмағы 1,796 грамм болатын мефедрон психотроптық заты болып шықты. Прокурор Ермек Марқабаевты Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп тауып, бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Марқабаев кінәсін мойындамай, куәлік беруден бас тартты.

"Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, оның ішінде сотта зерттелген ұсталу және жеке тінту бейнежазбасымен, психотроптық заттың сот-химиялық сараптамасының нәтижелерімен, алақанның шайындысы, қолдың тырнақ кесіндісі және құрамында психотроптық зат – мефедрон болған джинсы шалбар қалтасы қиындысының сот-химиялық зерттеулерімен, сондай-ақ іс бойынша жиналған басқа да дәлелдермен дәлелденген және расталған", - делінген хабарламада.

Ол айыпталып отырған баптың санкциясында үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

"Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде кішкентай баласының бар екенін қарастырды. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімі бойынша сотталушы қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Марқабаев төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді", - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, "Алтын Орда" базары директорының орынбасары Ермек Марқабаев 2023 жылдың 3 маусымында ұсталған еді.

Айта кетейік, бұған дейін "Алтын Орда" базары иелерінің бірі Данияр Әлпиев екі ай мерзімге қамауға алынды.