Амал мейрамы: Отпан таудың басында бірлік оты жағылды

0
2 935

Бүгін көне жыл санау бойынша Жаңа жылдың бастауы Амал айы кірді.


Амал мейрамы: Отпан таудың басында бірлік оты жағылды

ERNUR.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Адай ата-Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде ынтымақ пен бірлікке шақырар дәстүрлі мейрам - Амал мерекесі аталып өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін көне жыл санау бойынша Жаңа жылдың бастауы Амал айы кірді.

Амал – ескі жылдан жаңа жылға аман жеткен ағайынның арасына сыйластықты дарытатын ынтымақ пен бірліктің, татулықтың мерекесі.

Маңғыстауда дәстүрлі түрде тойланып келген жалпыхалықтың мейрам биыл коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында тойланбады.

Яғни Отпантаудың басындағы үлкен жиын әзір өтпейді.

Дегенмен бірлік отын жағу рәсімі Маңғыстау облысының бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, барлық карантин талаптарын сақтай отырып, шағын топпен өткізілді.

Шараға Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерекелік кеш «Адай ата - Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің Ақсарай музейінде фотограф С.Майемеровтың «Маңғыстаудың фотошежіресі» атты көрмесінен басталды.

Қарашаңырақ алаңында облыс әкімі Серікбай Трұмов, кешен идеясының авторы Сабыр Адай бастаған азаматтар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 тал екті.

Бірлік пен ізгіліктің, тұрақтылық пен татулықтың белгісіне айналған Бірлік отын жағу рәсімінде өңір басшысы аталмыш мейрамның мән-мағынасына тоқталып, жиналғандарды Амал мерекесімен құттықтады.

«Былтыр әлемді шарпыған қауіпті індеттің өршуінен дәстүрге айналған «Бірлік отын» жағуға мүмкіндік болмады. Халықтың амандығы мен саулығы басты назарға алынды. Елді бірлікке шақыратын, ортақ мүддеге ұйыстыратын жақсы дәстүр үзіліп қалмас үшін биыл барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра, шектеулі адаммен «Бірлік Отын» тұтатқалы отырмыз. Бұл - Халқымыздың бостандыққа, Еліміздің Егемендіке жету жолында жанын қиған бабалар рухына тағзым. Тәуелсіз Қазақстан бірлігінің символы! Ежелден жаңарту мен жасампаздықтың бастауы, елдік пен бірліктің, ырыс пен берекенің арқауы болған Амал қажырлы еңбектеріңізге толағай табыс әкелсін!»,-деді С.Трұмов.

Отпан таудың бауырында бірлік оты жағылып, ақсақалдар батасын берді.

Шара соңында Балықшы ата ұрпақтары Алау жағу эстафетасын Жеменей руының өкілдеріне салтанатты түрде табыстады.

Облыстық ардагерлер қоғамының белді мүшесі Саламат Нұров Амал мерекесін бала күннен тойлап келеді.

14 наурыз күні қазанға соңғы сүр салынып, дастарқан жайылатын. Алдымен үйдің үлкендерімен көріседі де, ағайынды аралауға шығады.

«Негізі көрісу сол шаңырақтың өзінен басталады. Әуелі әке-шешемізге көрісеміз. Сосын апа, аға-жеңгелерімізге көрісеміз. Тек ата мен келін көріспейді, қайынаға мен келін көріспейді. Ол енді біздің дәстүрімізде жоқ. Бірақ олар әдемі етіп сәлем етеді. Көрісудің тәрбиелік мәні зор. Көптен көрмеген туысты іздеп, бауырмалдықты нығайтуға, өкпе-реніштері болса, татуласып, арақатынасты жақсартуға мүмкіндік туады. Көрісу мерекесін асыға күтетін әр шаңырақ құрт-майын қойып, қонағын қарсы алады. Бір-біріне сыйлық сыйлап, ілтипатын білдіреді», - дейді облыстық ардагерлер қоғамының мүшесі Саламат Нұров.

Амал күні Самарқанда көк тас балқып, ең қатал адамдар да бір-біріне деген жүрегіндегі өшпенділікті жойып, бір-бірін кешіріп, құшақтасады.

Бұл арабтың Хамал деген айына байланысты айтылған. Жыл он екі айда 12 жерден шығып, 12 жерге батады.

Әрине, белгілі қашықтықты сақтай отырып. Осы әр айдың атына олар ат қойған. Соның біріншісі, жаңа жыл айының басы әл-Хамал деп аталады.

Осы айға байланысты қазақтар Амал деп кеткен мұны. Ойдағы-қырдағы ағайынмен құшақтасып, көрісу үшін Атырау мен Алтай, Арқа мен Алатау арасындағы алты Алаштың балалары жылда Маңғыстаудағы ең биік жер – Отпантаудың басына жиналады.