Көкшетауда арнайы әкімшілік сот 19 жастағы студентке қатысты істі қарады.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Жігіт отбасылық көлікті басқарып, жолаушыларды ақылы түрде тасымалдаған. Тексеру кезінде оның жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені және қызмет бастағаны туралы жергілікті атқарушы органға хабарлама жібермегені анықталған, деп жазады stan.kz.
Соттың шешімінде полицейлер көлікті тоқтатып, жүргізушінің жолаушыларды ақшаға тасымалдап жүргенін анықтаған. Яғни ол такси қызметін заңды тіркеусіз және тиісті органдарды хабардар етпей жүзеге асырған.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мұндай әрекетке 15 айлық есептік көрсеткіш (58 980 теңге) мөлшерінде айыппұл салу және құқықбұзушылық затына бұл жағдайда көлікке тәркілеу немесе онсыз жаза қолдану қарастырылған.
Сот отырысында студент өз әрекетін түсіндіріп, жаман ойы болмағанын айтты.
"Колледжде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқимын. Оқуымды төлеу үшін жұмыс істедім. Оқу ақысы 233 мың теңге. Ал анамның жалақысы 85 мың теңге, ол мені жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Сол себепті көмектескім келді. Негізінен көлікті өзім айдаймын. Анамды жұмыстан алып келемін, әжем мен атамды ауылға апарамын. Біз үшін бұл көлік өте қажет, бәріміз соған алаңдап отырмыз", – деді студент.
Сот жасөспірімнің жасын, материалдық жағдайын, келтірілген залалдың жоқ екенін және оның ниетінің адал болғанын ескерді.
Осылайша сот Әкімшілік кодекстің 64-1-бабы "құқықбұзушылықтың болмашы деңгейіне байланысты" әкімшілік жауапкершіліктен босату нормасын қолданды.
"Кез келген сот актісі заңды әрі әділ болуға тиіс. Давыденко анасына материалдық көмек көрсету үшін жеке тасымалдаумен айналысқанын айтты. Ол отбасына көмектесуге тырысқанын ескере отырып, сот ауызша ескерту жасаумен шектелді", – деді судья.
Осылайша, іс бойынша өндіріс тоқтатылды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.