Кепілге алынған үш адамның екеуі көз жұмды.
Фото: t.me/Aktobe_zello/видеодан скрин
ERNUR.KZ. Ақтөбеде үш адамды кепілге алып, соңы екі зейнеткердің өлімімен аяқталған қанды оқиғаның мән-жайы белгілі болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Қанды оқиға болған үйдің көршілері шошынып қалған. Қас қарая осы маң қоршауға алынып, тәртіп сақшыларынан бастап, құтқару қызметтері қаптағанда, тұрғындар не болғанын түсінбей қалған.
«ОМОН ба, біреулер болды. «Апа, ішке кіріңіздер, бәрі аманшылық, қорықпаңдар» деді. Сосын үйге кіріп кеттік. Түнімен болды. Қорықтық. Есікті іліп алдық. Бірдеме сарт ете қалды. Ойбай, машина атылып кеткен шығар деп атып шықтық. Әйтеуір аманшылық екен. Сол кезде мына жерден адам шығарып жатты ма, қарауға мүмкіндік жоқ, толған машина», - дейді көршісі Маржан Тәжекенова.
Күдікті қырық жастағы келіншектің танысы екен. Ол үйге кіре сала, әйелден бастап, оның зейнеткер әке-шешесін аяусыз ұрып-соққан. Есік-терезені жауып, 74 жастағы қарт пен 67 жастағы әжейді пышақтап, жертөлеге қамап тастайды.
Құзырлы орган басшыларының тайлы-тұяғы қалмай келіссөз жүргізгенімен, айтқанға көнбеген соң, шабуылмен басып кірген.
«Бұл ретте күдікті қандай да бір талап қойған жоқ. Үш сағатқа созылған келіссөздерден кейін және күдікті кепілге алынған адамды босату туралы талапты орындаудан бас тартқаннан соң шабуыл жасау туралы шешім қабылданды. Арнайы операция нәтижесінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды. Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе пышақ жарақаттарымен егде жастағы ата-анасы табылды», - дейді Ақтөбе облысы ПД бастығы Абай Жүсіпов.
67 жастағы зейнеткер әйел оқиға орнында қаза тапқан. Ал келіншек пен оның әкесін ауруханаға жеткізілді. Жетпіс төрттегі қарт ауыр соққы мен пышақ жарақатынан ақыры беті бері қарамай көз жұмды.
«Екі адамды алып келді. Біреуі – әйел, 1984 жылғы. Оның миы шайқалған, басынан, бетінен жарақат алған, кесілген. 1950 жылғы ер адамның жедел жәрдем алып келгенде жағдайы нашар болған. Жансақтау бөліміне жатқызып, реанимация шаралары 30-40 минуттай жасалды. Өкінішке қарай, ол қайтыс болды», - дейді Ақтөбе облысы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев.
Үш адамды кепілде ұстаған қырық жастағы күдікті қазір қамауда отыр. Оның неліктен мұндай қылмысқа барып, не талап етпек болғаны белгісіз. Қазір үстінен екі бірдей қылмыстық іс қозғалды. Адам өлтіргені және кепілгені алғаны үшін тергеліп жатыр.