Сондай-ақ, ол күн өткен сайын іздестіру жұмыстары қиындағанына қарамастан, жұмыс жалғасып жатқанын еске салды.
ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов «Майқайыңалтын» кеніші аумағындағы автобус апатының себептерін атап, оқиға орнына міндетті түрде баратынын айтты, деп жазады inform.kz.
«24 қаңтарда қайғылы оқиғаның себебін анықтау үшін құрылған комиссия арнайы тексеруді аяқтады. Комиссия сараптама ұйымдарының қорытындысы мен куәгерлердің берген жауабының негізінде мынандай себептерді анықтады. Олар – жауапты тұлғалардың тау-кен жұмыстары қауіпсіз жүргізілуін жеткілікті деңгейде бақыламауы, блоктарды өңдеу кезінде опырылуға бейім тұстар тиісті деңгейде бақыланбаған, кен шоғырын +90 деңгейіндегі көкжиектен жоғары және төмен өңдеген кезде қазба жүргізілетін аумақ дұрыс зерттелмеген. Сондай-ақ, комиссия осындай апаттарды болдырмау және апат себебін анықтау шараларын әзірледі», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сондай-ақ, ол күн өткен сайын іздестіру жұмыстары қиындағанына қарамастан, жұмыс жалғасып жатқанын еске салды.
«Ауа райының нашарлағанына, секундына 28 метр жылдамдықпен жел тұрғанына қарамастан іздеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Қазіргі таңда пайда болған ойықты тереңдетіп, қабырғасын кеңейту жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр – 9 техника, 10 адам жұмылдырылған. Кеше кешкі 20:00-ден бүгін таңға дейін ғана 170 рейс жасалып, 5100 тонна топырақ шығарылды. Жұмыс жалғасып жатыр», - деді министр.
БАҚ өкілдері оның алдағы жоспарын, «Майқайыңалтын» кәсіпорнының аумағындағы апат орнына қашан баратынын сұрады.
«Міндетті түрде барамын. Жоспарымда бар», - деді Шыңғыс Әрінов.