"Әппақ болып қыраттан көрінді": әкім бөгеттің не себепті бұзылғанын айтып берді

0
95

Сабынды ауылынан екі шақырым жерде тұрғызылған бөгет 42 жыл бұрын салынған.


фото: Пресс-служба АО "КазАвтоЖол"

ERNUR.KZ. Ақмола облысында бұзылған "Шөптікөл" бөгетінде жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Оқиғаның қалай болғанын Сабынды ауылының әкімі Мұрат Хамитжанов айтып берді, деп жазады sputnik.kz.
Сабынды ауылынан екі шақырым жерде тұрғызылған бөгет 42 жыл бұрын салынған.
"Кеше 5 сәуір кешкі сағат 17:30 шамасында жарылды. Сағат 16:30 шамасында түсірілген видеосы бар, ол кезда су болмаған. Сағат алтының кезінде қыраттан келген су лақ етіп бұзып өтті", - дейді Хамитжанов.
Қазірше суды бөгеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа бөгет салынады, жобалық-сметалық құжатын даярлау туралы облыс әкімі келіп тапсырма беріп кеткен.
Сабынды ауылында 1300 тұрғын бар. Бейғам жатқан ауыл аяқасты абыр-сабыр күйге түскен.
"Маңымызда екі көл бар. Қар күрт еріп, сол екі көл толып кетті. Сол үшін бөгеттен келетін суды біртіндеп бөгедік. Қазір суды ақырын-ақырын жіберіп жатырмыз", - дейді Мұрат Хамитжанов.
Бөгетті жарып өткен суды алғаш болып сол бөгет маңында жүрген ауыл әкімі мен басқа да қызметкерлер байқаған.
"Суды бірінші болып қасымдағы мамандармен бірге өзім көрдім. Әппақ болып қыраттан көрінді. Бірден хабар бердік. Екі көлдің суы толғандықтан бөгетті біртіндеп бітеп жатқанбыз. Суағардың үш тесігі бар, екі тесігін жапқан едік", - дейді әкім.
Су алып кетпеу үшін ауыл маңындағы дайындық жұмыстары бұған дейін жасалған. Мамандар да күндіз-түні бақылау жұмыстарын жүргізіп тұрады.
"Ауылдағы үйлер де, тұрғындар да аман-есен. Ешбір аулаға қызыл су кірген жоқ. Бәрі бақылауда", - дейді Сабынды ауылының әкімі.
Еске сала кетейік, Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы "Шөптікөл" бөгеті бұзылды.