Қызылордада аптап ыстықтан зардап шегушілердің саны артқан. Әсіресе, жүрек ауруы бар және қан қысымы құбылмалы тұрғындарға тіптен қиын соғуда.
фото: ihsan.kz
ERNUR.KZ.Қызылордада аптап ыстықтан зардап шегушілердің саны артқан. Әсіресе, жүрек ауруы бар және қан қысымы құбылмалы тұрғындарға тіптен қиын соғуда, деп жазады inform.kz сайты.
Осы орайда, Қызылорда жедел-жәрдем стансасының қызметкерлері күшейтілген кесте бойынша жұмыс жасауға көшті. Бір тәуліктің ішінде 1500-ге жуық шақыртуларға барып, науқастарға тиісті ем-дом көрсетуде.
«Күннің ыстығына қарамай базарға барған едім. Үйге келгеннен кейін басым айналып, қан қысымым көтеріліп кетті. Жедел жәрдемге хабарластық. 20 минуттың ішінде келіп, тиісті ем-дом жасады. Мынадай ауа райында сақ болған жөн» - дейді қала тұрғыны Хадиша Әлмұсаева.
«Казгидрометтің» мәліметінше, Қызылордада алдағы күндері ауа температурасы әлі де жоғарылай бермек. Қазірдің өзінде сынап бағанасы 45+ градусты көрсетуде. Осы орайда мамандар тұрғындардан сақтық шараларына көңіл бөлуді сұрайды.
«Мүмкіндігінше күн ыстықта далаға немесе алыс жолға шықпаған дұрыс. Бас айналу, құсу немесе қан қысымы құбылғанда дереу дәрігерлердің көмегіне жүгінген абзал. Бұл ретте дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі байқалмайды. Жедел-жәрдем шақыртушылардың саны күн сайын артуда», - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұржамал Тұрсынбаева.